Мемлекет басшысының тапсырмалары: сарапшылар Үкіметтен не күтеді?

0

Бүгінгі күнге дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметпен тығыз және тікелей байланысып, қоғамның ең үлкен әрі өзекті мәселелерін шешуде бірлесе маңызды қадамдар жасап келгені сөзсіз. Әсіресе, ел басшысының үкіметке артқан сенімі мен тапсырмаларының негізгі бағыттарын әлеуметтік саясат, яғни жалақыны көтеру, аз қамтылған отбасыларды қолдау; экономикалық реформалар, экономиканы әртараптандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес; сондай-ақ
саяси бастамалар, демократияландыру, мемлекеттік басқаруды жаңғырту сияқты тақырыптарды қамтыды.

Мемлекет басшысының жаһандық саммиттерді дайындау, өткізу немесе елдің даму стратегиясын әзірлеуден бастап шағын қалаларда жұмыс орындарын ашуға дейінгі барлық шешімдері мен тапсырмаларын Үкімет басшылары мен мүшелері сөзсіз және өз мерзімінде орындауда. Айта кету керек, олар орталықта да, жергілікті жерлерде де Президенттің бағдарламалық жарлықтары мен нақты тапсырмаларын іске асыру бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Бұл ретте Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін Президент Әкімшілігі мен Үкімет атқарушы органдарды ғана емес, ұлттық компанияларды, кәсіпкерлік құрылымдарды да жұмылдырады.

2025 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына елді дамытуға бағытталған бірқатар негізгі міндеттерді қойды. Олардың алғашқысы, мектептер санын көбейту. Мәселен, бұған дейін 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салу тапсырылған болатын. Енді бұл мақсат білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын жою үшін 1000 мектепке дейін ұлғайтылды.
Президент 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 95%-ға дейін жеткізуді тапсырып, жол құрылысы мен жөндеу сапасын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Үкіметке жер қойнауын игеруге инвестициялар тарту үшін заңнама мен рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ геологиялық ақпараттың бірыңғай деректер банкін құруды аяқтау тапсырылды.

Осы тапсырмалардың санын және маңызын арттыру мақсатында 2025 жылғы 28 қаңтарда Президент Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді, онда 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады. Премьер-Министр Олжас Бектеновтың, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің және өңірлер әкімдерінің баяндамалары тыңдалады.

Бұған дейін «Ана тілі» республикалық газетіне берген сұхбатында президент Үкіметтің басты міндеті экономиканың өсуін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру екенін айтқан болатын. Жалпы Министрлер Кабинеті барлығын ойдағыдай жүзеге асырғанымен, мәселелердің бар екенін де жоққа шығара алмайтынын атап өтті.

«Жақын арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда біз жылды қорытындылаймыз, барлық ағымдағы мәселелерді талқылаймыз, жаңа жоспарлар жасаймыз. 4% деңгейіндегі экономикалық өсім Қазақстан үшін жеткіліксіз екеніне сенімдімін. Мен бұл туралы тіпті шетелдік өкілдерге де айтамын. Үкіметке экономиканың анағұрлым жоғары өсу көздерін іздеу керек», — деді Қазақстан басшысы.

Бұл бастамалар әлеуметтік саланы нығайтуға, инфрақұрылымды жақсартуға және Қазақстанда экономикалық өсу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Міндеттер көп, маңызы зор, алайда Үкімет оны қандай деңгейде орындап жатыр? Біз Президенттің бүгінге дейінгі тапсырмаларынан қандай үміт күте аламыз? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында Kznews.kz ақпарат агенттігі қоғам белсендісі, Журналистер Одағының мүшесі, блогер Ізтөлеу Түсіповтің пікірін тыңдады.

“Олжас Бектенов бастаған үкімет өз қызметін халық игілігі үшін жүйелі және тиімді түрде орындап шықты деп айтуға болады. Әсіресе табиғи апаттар, соның ішінде су тасқыны сияқты төтенше жағдайларда үкімет пен жергілікті әкімдіктердің үйлесімді жұмысы айқын көрінді. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эвакуация шараларын дер кезінде ұйымдастыру, зардап шеккен аудандарға көмек көрсету сияқты маңызды міндеттер сәтті орындалды.

Бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттік органдардың тек төтенше жағдайларда ғана емес, күнделікті мәселелерде де халық мүддесіне бағытталғанына дәлел. Әлеуметтік қолдау, экономикалық тұрақтылықты сақтау, инфрақұрылымды дамыту бойынша да жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылды” — дейді І.Түсіпов.

Ал қоғам белсендісі, саясаттанушы Сәкен Смағұлов:
“Жалпы біздің Үкімет қоғамдағы барлық жағдайға, әр сала бойынша мониторинг жасап отырады. Қазіргі таңда ең алғашқы қаралатын мәселе қымбатшылықпен байланысты деп ойлаймын. Бұл әр аймақта, әр облыста айқын көрініс табуда. Үкімет өзінің реттеуші және бақылаушы механизмдерін іске қосуы тиіс. Осы алдағы отырыста әр министрліктің әрекетіне, атқарған жұмысына қатаң әрі әділ баға берілетіні сөзсіз. Аймақтық инфрақұрылымға да баса назар аударылмақ. Жақында ғана құрылған жаңа Ұлытау облысының өзінде 5 ауқымды әлеуметтік жоба бар. Олардың қалай жүзеге асырылып жатқаны, жемқорлықпен күрес әрекеттерінің нәтижесі, экономикалық реформалардың бар-жоғы, артықшылығы мен кемшіл тұстары қарастырылуы керек”, — деп пікір білдірді қоғам белсендісі.

Сонымен қатар политолог Замир Қаражанов БАҚ-қа берген сұхбатында:
“Бізді, ең алдымен, ЖІӨ өсу қарқыны қызықтырады. Халықаралық қаржы ұйымдарының алдын ала болжамдары бойынша, биылғы жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5 пайыздан аз екенін жеткізген. Алайда бұған дейін Президент ЖІӨ-нің 5 пайыздан жоғары өсуі Қазақстан экономикасын екі есеге арттырудың қажетті шарты болып табылатынын айтқан болатын», — деп атап өтті. Саясаттанушы жоғары трибуналардан бірнеше рет айтылған Қазақстан үшін басты міндеттердің бірі экономиканы әртараптандыру екенін еске салды. Ескі, бірақ әлі де шешілмеген мәселелердің қатарында саясаттанушы Қазақстан экономикасы құрылымындағы шағын және орта бизнестің төмен үлесін атады. Сарапшы тиімді басқару мемлекеттік жүйені терең трансформациялау және оны қазақстандықтардың қажеттіліктеріне бағдарлау кезінде ғана мүмкін болатынын айтты.