Мемлекет басшысы Талғардағы қылмыстық оқиғаға қатысты пікір білдірді

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Талғардағы қылмыстық оқиғаға қатысты пікір білдірді.

– Талғардағы қылмыстық оқиға ел ішінде үлкен дүрбелең тудырды. Жұртшылық Сіздің осы жағдайға қатысты пікіріңізді білгісі келеді.

– Қайталап айтамын, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс. Мен Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауымда құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еттім.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн. Мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті. Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр. Былтыр 246 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап ­отырмын.

Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдады. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.

Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!