Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының толық мәтіні – Қазақстан жаңалықтары

0
98

Бүгін Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халқына алғаш рет жолдау жасады. Назарларыңызға жолдауда қандай өзекті мәселелердің қамтылғанын ұсынамыз.

Тоқаев

Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын! Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделдІ әрі орнықты мемлекетке айналды.

«Халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын»

Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады. Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз.

Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлау алдындағы бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын.

«Қазақ тілінің рөлі күшейіп, ұлтаралық тілге айналатын уақыты келді» 

Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет.

Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында! Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.

Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн. Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек. Келер жылы аталып өтетін  маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды.

Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге – Тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды іске асыруымыз қажет. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін.

«Жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналды»

Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді. Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды. Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады.

Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін үкімет пен президент әкімшілігі отандық және шетелдік сарапшылардың барлық жұмысын мұқият саралауы қажет. Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек.

Бірінші. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру. «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналды.

Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүргізу барысында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз керек. Бұл мәселелер бойынша менің барлық тапсырмаларымды, ескертпелерімді Үкімет толық орындауға міндетті. Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек. Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет. Бұл – Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз.

«Жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған»

Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді.

Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тікелей байланысты. Бірақ, жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған.

Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ.

Осыған орай, Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.

«Тағы айтамын: Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды»

Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.

Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет. Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы. Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек.

Кепілдендірілген трансферт көлемі екі мың жиырма екінші (2022) жылдан бастап бірте-бірте 2 триллион теңгеге дейін азаюы тиіс. Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн. Үкіметке Ұлттық Банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.

Еңбекақы төлеу деңгейін арттыру

Кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың табысы артқанмен азаматтарымыздың жалақысы айтарлықтай өспегенін көріп отырмыз.

Халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкімет бұл мәселеге қатысты табандылық танытуы керек. Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.

«Жыл сайын 21 мыңға жуық түлек оқуға түсе алмай қалады»

Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек:

Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту. Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.

Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы.

Сондықтан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек.

Елімізде білім сапасы қандай?

Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.

Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз. Білім саласына қатысты тағы бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі. Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет.

Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті.

Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды.

Сондықтан мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.

«Мәдениет қызметкерлерін қолдауымыз қажет»

Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.

Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде.

Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек.

Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!

Құрметті отандастар! Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс.  Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін. Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді.

Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс. Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады. Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі.

Осыған байланысты, жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады.

Үкіметтің әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын-ала нақты жұмыс жүргізуі қажет. Бұл үшін бақылау, талдау және болжау жүйесін неғұрлым  күшейту керек.

Сондықтан депутаттарымыздың өтінішіне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма беремін. Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.

Қадірлі қазақстандықтар! Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі. Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.  Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын! Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі.

Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер. Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін.

stan.kz