Мемлекет басшысы күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады

0

Президент UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.

Биыл Дубайда өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан 12 команда қатысқан. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.

Мемлекет басшысы жеңімпаздарды құттықтап, бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

– «Елдің атын ер шығарар» деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанына назар аударды.

– Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бұл – бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша қазақстандықтарға көрсетілген құрмет. Батырларымыздың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз. Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Бәріңіз де еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Сіздерді заң мен тәртіп сақшысы деуге толық негіз бар. Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі, – деді Президент.

Президент сөзін қорытындылай келе, офицерлердің қызметіне сәттілік тіледі және оларды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Жиында ҚР Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» командасының мүшесі, полиция аға лейтенанты Ермекқали Шоқаев, Ішкі істер министрлігі «Томирис» командасының капитаны, полиция майоры Айнагүл Байжігітова және ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің капитаны, «Сардар А» командасының мүшесі Мерлан Ұлтанбаев сөз сөйледі.

фото: akorda.kz