Мемлекет басшысы еліміздің үкіметтік емес секторының бүгінгі ахуалымен танысты

0
28 Қараша 2018, 12:10 194 0

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордада кеше басталған VІІІ Азаматтық форум бүгін жалғасын тапты. «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» тақырыбы арқау болған бүгінгі жиынға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отыр.

«Қазақстан Азаматтық альянсының» президенті Асылбек Қожахметов еліміздің үкіметтік емес секторының бүгінгі ахуалымен таныстырды.

«Елбасымыз осыдан 15 жыл бұрын алғашқы Азаматтық форумда мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар серіктестер ретінде әрекет жасауы керек деп айтқан болатын. Бүгінгі форум — аймақтарда жүргізілген үлкен жұмыстың нәтижесі. Біз 17 өңірлік азаматтық форум, 5 республикалық конференция өткіздік. Оларға қатысушылардың жалпы саны 3 мыңға жетті. Бұл қажетті ұсыныстарды жинақтап, делегаттарды іріктеуге мүмкіндік берді», — деді Қожахметов.

Оның айтуынша, қазір үкіметік емес сектор қарқынды дамып келеді. Алғашқы Азаматтық форум өткен 2003 жылдан бері жобаларды қаржыландыру көлемі 11 млн теңгеден 20 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

«Соңғы екі жылда ғана мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру 2,5 есе артты. 2015 жылдан бастап ҮЕҰ-ға арналған гранттар мен премиялар енгізілді. Дұрыс қатынас болған жағдайда үкіметтік емес сектор экономикаға қосымша импульс бере алады. Қазақстанда үкіметтік емес секторда жұмыс істейтіндер саны 0,3 пайызды құрайды. Ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 10-15 пайызға жетеді», — деді Асылбек Қожахметов.

«Қазақстан Азаматтық альянсының» президенті үкіметік емес секторды дамыту үшін бірқатар ұсынысын да жасады.

Атап өтсек, VІІІ Азаматтық форум Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр.

Аталған шараның мақсаты – азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының ашық диалогын дамыту.

VІІІ Азаматтық форумның күн тәртібіндегі негізгі мәселесі — азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Тұжырымдама жобасын талқылау.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ