Мемлекет басшысы ауқымды өзгерістер болатынын мәлімдеді
Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды дайындайды
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Қазақстан қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуы керек. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бүгінгі мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды дайындайды. Онда дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылады», — деді Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар мамыр айында да 42 500 теңге алады – президент
Президенттің айтуынша, биылғы дағдарыстан кейін экономикада ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесінде де ауқымды өзгерістер жасау қажет.
«Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет», — деп атап көрсетті Тоқаев.
Айта кетейік, 24 сәуірде өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы қалпына келтіру мен дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын іске қосу қажеттігін жеткізген. Себебі бүгінде әлем елдері өздерінің экономикалық стратегияларын қайта қарап жатыр. Экономиканың тиімсіз салалары жабылады. Ал басқа секторлар экономиканы дөңгелетіп, халыққа жұмыс беретін болады. Осы дағдарыстан кейін жаңа технологиялық және экономикалық тәртіп орнайды.
sputniknews.kz