«Мемлекет 960 мың теңге береді»: Желіде тағы бір шулы хабарлама тарады
Қазақстанда алаяқтар тағы да әрекет ете бастады. Олар қоңырау шалып, өздерін «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері ретінде таныстырып, 960 000 теңге көлемінде төлем рәсімдеуді ұсынады, деп хабарлайды Stopfake.kz порталы.
Алаяқтардың жіберген хабарламасында төтенше жағдай кезінде мемлекеттен 42500 теңге алғандар ірі төлем алуға үміткер бола алады делінген. Миллион теңгеге жуық жәрдемақыны «рәсімдеу» үшін алаяқтар абоненттерден 1414 қысқа нөмірінен келген СМС-хабарламаларға жіберілген кодты айтуды сұрайтын көрінеді.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бұл нөмірден әлеуметтік төлемдерді алу үшін қандай да бір ақпаратты тарату туралы хабарламаны жоққа шығарды.
“Құрметті пайдаланушылар, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ азаматтарға төлемдерді алғаны туралы хабарламамен түрлі құрылымдардан шалынған қоңыраулар және 1414-тен келген кодты жазу қажеттігі туралы хабарламалар келіп түскені жайлы ақпарат келіп түсуде. «ҰАТ» АҚ әлеуметтік төлемдерді алу үшін 1414 код нөмірінен таратуды жүргізілмейтінін хабарлайды, алаяқтарға ешқандай ақпарат бермеуді және 1414 – тен келген кодтарды үшінші тұлғаларға хабарламауды сұраймыз, – деп хабарлады ұйым өкілдері.
Айта кетсек, алаяқтардың мұндай әрекеттері әлеуметтік инженерия деп аталады. Бұл адамның психологиясын ескере отырып, жеке деректерін заңсыз иемдену тәсілі. Мысалы, мұндай тәсілді алаяқтар пайдаланады, олар телефоннан өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, абоненттен ақша салымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құпия деректерді айтуды талап етеді.