Мектептерде орыс әдебиетін оқытуды доғару керек – Аятжан Ахметжан
PHD докторы, «QazBilim» жобаларының негізін қалаушы, тіл жанашыры Аятжан Ахметжан сұхбат беріп, білім саласындағы кемшіліктер, тіл мәселесі, мектептегі пәндер туралы пікір білдірді.
Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, мектептегі кейбір пәндерді алып тастайтын, кейбір пәндерді алмастыратын уақыт келген.
– Мектепте кейбір пәндерді алып тастайтын уақыт келді. Мысалы, орыс әдебиеті. Неге біз орыс әдебиетін оқуымыз керек. Түркі әдебиеті нашар ма? Байрон Пушкиннен нашар ма? Мұндай көзқараспен қарасақ, Шыңғыс Айтматов Толстойдан жаман ба? Орыс әдебиетін оқуды доғару керек. Оның орнына әлем әдебиетін қазақ тілінде оқыту керек. Пушкинді, Лермонтовті оқыса, Абай арқылы оқысын. Әлемде қанша ұлт бар, бірақ біз теріп алып орыс әдебиетін оқимыз, – деді «QazBilim» жобаларының негізін қалаушы.
Латын қарпінің әліпбиін үш рет жасап, әлі шешімге келмегенін айтқан Аятжан Ахметжан қазақ тілі үшін екінші «қаңтар оқиғасы» болуы мүмкін екенін жеткізді.
– Билік мемлекеттік тілдің жағдайын реттеп бермесе, тіл үшін екінші «қаңтар» болады. Бұл табиғи жағдай. Биылғы қаңтарда өзге тілде ұран болды ма, плакат болды ма? Жоқ, тек қазақ тілінде болды, – деді ол.