«Мектепте өзі құдай, өзі сот»: Алматы облысында мұғалімдер көрген қорлықтарын айтып шу шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысында мектеп мұғалімдері сабақ өткізуден бас тартты. Олар директордың орынбасарынан көрген қорлықтарын айтып, шу шығарды. Айтуларынша, директор орынбасары ақша жинап, кемсітіп, негізсіз айыппұл салатын көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

«Ол ешкімді тыңдамайды. Мектепте өзі құдай, өзі сот. Ойына келгенін жасап, ақша жинайды. Комиссия келетін болса, тізім бойынша шақырып, ақша талап етеді. Ол мұнда жұмыс істемеуі керек деп санаймын», — дейді мұғалімдердің бірі Оксана Бабаханова.

Алға аулындағы орта мектеп директорының орынбасары бұл қызметке 10 жыл бұрын келген. Мұғалімдердің сөзінше, осы уақыт ішінде 8 директор ауысыпты. Педагогтар күн сайын директордың орынбасарының дауыс көтеруі мен тәртіпсіздікке төзуге мәжбүрміз дейді. 

Ал 30 жылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі Тоты Ынтықбаева ай сайынғы жалақысын да толық алмайтынын айтады.

«Ол ата-аналардың алдына бізді топас деп айтады. Мұғалімдерді кабинетіне шақырып алып, «малсыңдар» деп сөйлейді. Мен 200 мың теңгеден аса жалақы алуым керек. Алайда қолыма тек 160 мың теңге тиеді. Осылардың бәрінен кейін директордың орынбасарын қызметінен шеттетті. Алайда кеше директор оның қызметіне қайтып келетінін айтты», — дейді Тоты Ынтықбаева.

Ал мектеп директоры өз орынбасарыны қызметінен босатылып, артынан қайта тағайындалғанын жоққа шығармайды. 

«Айгүл Туаршиева 5 қыркүйекке дейін талап етілген есеп, сабақ кестесі, оқу-тәрбие жұмыстарының жоспарын тапсырған жоқ. Сол үшін оны қызметінен шеттетуіме тура келді. Алайда сол кезде ол денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық демалысында болды. Сондықтан оған қызметін қайтаруға мәжбүр болдым», — дейді мектеп директоры Жазира Балахан. 

Директор қызметтік тексеріс жүргізуге уәде етті. Алайда мұғалімдер мұның тиімділігіне күмәнмен қарайды. Олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына да шағымданғандарын, бірақ нәтижесіз болғанын айтады. 

Ал директордың орынбасары мұғалімдер жала жауып отыр дейді. Сөзінше, оны қатал басқарушы болғаны үшін ұнатпайды екен. 

«Мұның бәрі жала. Оны бір алаяқ әйел ұйымдастырып отыр. Мені қызметімнен босату үшін мүмкін емес нәрсені талап етуде. Мектептен кеткенімді қалайды. Бұл менің туған аулым болса, қалай кетемін?» — дейді директордың орынбасары Айгүл Туаршиева.

Аудандық білім  бөліміндегілер мектепте тексеріс жүргізіліп, директордың орынбсарының тарапынан бұзушылықтар анықталмағанын мәлімдеді.

«Бұл шағымдар екі тұлғаның директордың оқу ісі бойынша орынбасары Айгүл Туаршиева мен бастауыш сынып мұғалімі Тоты Ынтықбаеваның бірбіріне жазған шағымдары. Комиссияның шешімі бойынша, бұл екі адамның арасындағы бірбіріне деген түсініспеушілік. Бұл жағдай мектептің оқу тәрбие үрдісіне және педагогикалық ахуалдың ушығуына әкеп соғуы мүмкін. Оның ақиқатына біз жете алмадық», — дейді Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова.

Сонымен қатар аудандық білім бөліміндегілер бұл дауға араласқысы келмейтіндерін жеткізіп, мектепте қосымша тексеріс жүргізілмейтінін айтты. Ал мұғалімдерге сотқа жүгінуді ұсынды. Алайда мұғалімдер білім министрлігіне шағымданамыз деп отыр.

stan.kz