Мектепке орамалмен баруға болады: министр Әуелбекованың пікіріне жауап берді
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әнші Мөлдір Әуелбекованың «діни насихатына» қатысты пікір білдірді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте тілшілер Мөлдір Әуелбекованың діни әңгіме айтуына байланысты сұрақ қойды.
«Қазіргі кезде танымал адамдар әлеуметтік желіде өзінің діни көзқарасын ашық айтып жүр. Олардың ішінде «Қазақконцерттің» қызметкерлері де бар. Мәселен, Мөлдір Әуелбекова бір постында мектепке баратын қыздарға басын жауып баруға болатынын жазған. Соны өзі де қолдайды. Өркениетті елде мемлекеттік кәсіпорын қызметкерінің осындай насихат жүргізгені дұрыс па?», – деді журналистер.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әнші образының өзгергенін байқаған. Осы орайда ол өркениетті елдің ережелерін сақтау қажеттігін жеткізді.
Мөлдір Әуелбекова жақында ғана тұрмысқа шыққанын атап өткен министр, оның түскен шаңырағындағы діни ұстанымға байланысты ол образын біршама өзгерткен болуы мүмкін екенін еске салды.
«Әрине, онымен ғана емес, мәдениет саласының басқа да қызметкерлерімен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Себебі олар – танымал адамдар. Олардың сөзіне миллиондаған адам құлақ асады. Иә, өз пікірін білдіре алады, бірақ бұл оның жұмыс істейтін уәкілетті органның немесе ұйымның ресми көзқарасы болып саналмайды», – деді Райымқұлова.
Министр халықтың назарында жүрген адамдарды өркениетті елдің ережелерін ұстауға үндеді.
Айта кетейік, әнші Мөлдір Әуелбекова карантин уақытында екінші рет тұрмысқа шыққан болатын.
«Ал, халқым! Қасиетті Рамазан айында Алланың қалауымен екі дүркін орамалды болдым! Әлхамдулиллях! Құтты болсын!», – деп жазды ол өз парақшасында.
Әнші тойдан кейін орамал таға бастады. Сол үшін қалың көпшіліктің сынына да ұшырады.