МЕКТЕП ТУРИЗМІ ЖАҢҒЫРСА… | «Айқын» газеті
Елбасының кезекті Жолдауында жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру, емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілін енгізген учаскелік дәрігерлер жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейту тапсырылды.
Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігімен байланысты. Олай болса, «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асыру маңызды. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7 – 20 – 25» бағдарламасы да өз нәтижесін беруі тиіс.
Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат «Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуы керек. Тиімді сыртқы саясатты жүргізуде «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы көрші Қытаймен қарым-қатынасымызға тың серпін бергенін атап өтер ек.
Елімізде оң өзгерістер орын алғанын қаласақ, оған әрбір қазақстандық атсалысуы керек. «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өз жеріңді танып біл» бастамасы аясында өңірлер бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғыртса, нұр үстіне нұр болар еді.
Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Бұл, ең алдымен, ел ынтымағына байланысты дүние. «Ынтымақты елдің ырысы мол» деген бабалар сөзі соның айғағы. Қазақстанның бағындырар биігі әлі алда. Мемлекет басшысы келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Олай болса, біз де болашағымыз – жастарға сенеміз. Біздің елдің бағын ашар өресі биік жас көп болғай.
Қанат САТАНОВ,
«Жетісу» бастауыш партия ұйымының төрағасы
Дереккөз: Айқын