Мектеп оқушысы көзі көрмейтін анасын жалғыз асырап келген — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда мектеп оқушысы көлік жуып, жанарынан айырылған анасын асырап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап. 

Жалғызбасты ана Қамаш Бекімбетова 5 жыл бұрын қос жанарынан айрылған. Өзі ұлымен бірге баспана жалдап тұрады, ақысы — 15 мың теңге. Одан бөлек жарық пен газ үшін 4 мың теңге беруге міндетті. Бұрын тігінші болған Қамаштың қазір тіпті қимылдауы қиын. Сондықтан, отбасының шығындарының бәрі 10 сынып оқитын ұлы Санжардың мойнында.

«Баламның 6 сыныбында көзім көрмей қалды ғой. 6 сыныпта бұл ана.. Еш жақтан көмек жоқ. Үкіметтен ештеңке алып көрмеппін осыған дейін», — деді Қамаш.

53 жастағы әйелдің баласы келгенше бір орында тапжылмай күтетінін айтты.

Санжар өзіне жан-жағындағылардың аяушылық танытқанын қаламайды.

«Қазір сол автомойкада істеп жүрмін. Сабаққа кетемін таңертең шәй тамақты бірге ішеміз кетем. Одан кейін үйге келіп, сөйтіп шәй ішіп боп бірақ жұмысқа кетемін. Кешке мен кегенше жұмыстан мама күтіп отырады, сөйтіп бірақ ішеміз. Көзі көріп кетсе екен тілеймін. Күнде жатар кезде», — дейді ол.

Бұл отбасы көмек сұрап аудан әкімдігіне бірнеше рет барған. Жалғызбасты ананың мүгедек екенін растайтын анықтамасы да жоқ.

«Бұл кісіде Қазақстан азаматтығы жоқ, бірақ азаматтығы жоқ болса да оралман ретінде осы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындадық. Негізі кәмілеттік жасқа толып кеткен екі қыз баласы бар. Олар тұрмыста», — деді Наурызбай аудандық әл-ауқат бөлімінің бөлім басшысы Зәуре Әбілдаева.

Аудан басшылығы Қамаш Бекімбетованыны жалдамалы баспанасына уақытша тіркеуге алмақшы. Сосын ғана оған мүгедектігін растайтын анықтама береміз деп уәде етті.

«Біздің АСП алмайды екен. Атаулы әлеуметтік көмек бар ғой. Кейін өзіміз бардық іздеп. Содан атаулы әлеуметтік көмек туралы естіген кезде мен сөйлей алмай қалдым ғой деп айтты. Ол үшін 42280 теңге үйінде ешқандай  табысы жоқ адамға үлкен бір табыс боп көрінді», — деді Наурызбай аудандық «Бақытты отбасы» орталығының кеңесшісі Нағигүл Бейсембина.

Бұл отбасы 2003-те елге оралған. Алғашында Жамбыл облысында тұрған.

stan.kz