Мектеп директоры мен оқушы ТикТок-тағы видео үшін соттасып жүр
Өзбекстанда Қашқадария облысы Шахрисабз ауданындағы №38 мектептің 11-сынып оқушысы Элёр Абдураупов мектеп директоры мен оның орынбасары ұрғанын айтты.
Мектеп директорын әжуалайтын видео ТикТок-та жарияланып, оның соңы жанжалға ұласқан. Директор Акмал Рахмонов оқушыға қол көтерген деген айыпты жоққа шығарды. Ол оқушы Абдурауповтың үстінен сотқа шағымданған.
Шахрисабз ауданының құқық қорғау органдарының хабарлауынша, оқушының анасының арызымен директордың үстінен іс қозғалған.
– Мен мектеп директоры туралы әзіл видео түсірдім. Оны интернетке жариялағым келген жоқ. Ондай ойым болмады. Видеоны сыныптастарыма көрсеттім, солардың бірінің телефонына жібердім. Кейін ол видео интернетке шығып кетті, – дейді Элёр Абдураупов.
Оқушы мектеп директорынан кешірім сұрағанын айтты. Бірақ директор мен оның орынбасары мені ұрды дейді оқушы.
– Мен де, ата-анам да кешірім сұрады. Соған қарамастан директор бізді боқтады. Ол маған: «Кешірмеймін. Кек алам», — деп жекіді. 1 мамырда директор кеңсесінде мені әуелі оның орынбасары ұрды, сосын директордың өзі екі мәрте ішімнен, бір мәрте тұмсығымнан ұрды. Сол кезде директор кеңсесінде бірнеше мұғалім болды, – деді оқушы.
Элёрдің анасы Зулайхо Расулова жедел жәрдем шақыртқанын айтты. Ауруханадағы дәрігерлер оқушының іші көгергенін растаған. Содан кейін оқушының анасы директордың үстінен арызданған.
Алайда №38 мектептің директоры Акмал Рахмонов оқушыға қол көтерген жоқпын деп отыр. «Мен оған саусағымның ұшын да тигізбедім. Ұрған болсам, оны сараптама растасын», – деп отыр директор.
Шахрисабз ауданының милициясы директордың оқушыға қол көтеруіне қатысты іс бойынша сараптама тағайындағанын хабарлады.