Мектеп біріктіруден не пайда? | «Айқын» газеті

0

Қосымша білім беру орталықтарын біріктіріп, бір үлкен мекемеге айналдыру жайлы сөз көптен бері қозғалып жүр. Былтыр спорт мектептерін де дәл солай біріктірген болатын. Ендігі кезек музыка мектептеріне жетіпті. Алматы және Астана қаласында осыған қатысты дау туып отыр. Павлодар облысында да бұл процесс басталып кеткен. Ата-аналар мен мектеп басшылары бұған қарсы болса, әкімдік пен сала министрлігі оңтайланды­ру­дың оң тәсіл екенін айтады.

Астанада №2 өнер мектебі мен №1 өнер мектебінің базасындағы балалар шығармашылық мектебін біріктіру жоспарланып отыр. Сонымен бірге, №2 және №3 балалар музыка мектебін №1 музыка мектебіне қосады. «Музыка мектептерін оңтайландыратыны жайлы Астана қаласы басқармасының орынба­сары Дулат Шәкенұлы айтты. Ресми түрде үш мектепті бір басшы басқараты­ны жайлы ескертті», – дейді БАҚ-қа бер­ген сұхбатында №1 балалар музыка мекте­бінің директоры Сәулеш Қана­пие­ва. Ата-аналар болса, білім сапасы­ның төмендеуі мүмкін деп уайымдайды. «Оңтайландыру процесіне бейжай қарай алмаймыз. Сапаға әсер етері сөз­сіз. Бір жетекші үш мектепті басқа­руы керек. Демек, ол күні бойы мектептерді аралауға мәжбүр болады. Бұл тәртіп­тің бұзылуына әкеліп соғуы мүм­кін», – дейді Гүлзат Асанова.
Білім және ғылым министрлігі өкілдері музыка мек­тептерін біріктіруді ұсынған ата-ана­л­ар дейді.
«Бірнеше мектепті бірік­ті­ру жайлы ұсыныс тастаған – ата-аналар. Мұндай өтініш министр­лікке келіп түсті. Білім басқар­ма­сына осы жағын қарастыруды тап­сыр­дық. Барлық мектепті Жастар сарайы секілді бір мекеме етуді ойлас­ты­рып жатырмыз. Жастар сарайының жетек­шісі бағдар­ла­масын ұсынуы тиіс. Яғни, мектептерді дамыту жоспарын қарастырамыз. Бір айта кетерлігі, бар­лық жұмыс орны сақ­та­лады. Ұжым­ды таратқалы жатқан жоқ­пыз. Оқыту­шы­­лар бұрынғыдай жұ­мыс істей береді. Астана және Алматы қалаларын­да шу шығып жатыр. Көбіне басшылар тарапынан наразылық бар. Өйткені, басшылық қысқарады. Үлгі ретінде Мәскеу мектептерін алып отыр­мыз. Жетекші мектепке жақын маң­дағы бірнеше оқу орны қарай­ды. Бұл жердегі басты мақсат – бір мығым меке­ме қылып қалыптастыру», – дейді Вице-министр Эльмира Суханбердиева.
Әкімдік болса, бұл процестің әлі қара­стырылып жатқанын айтады. «Бірік­тіретін болсақ, барлық норматив­тік-құқықтық актілер түгел қаралады. Соны­мен бірге, балаларға әсері қалай бола­ры да назарда тұр. Білім беру сапа­сы сақталуы керек. Әлі нақты ше­шім шығарылған жоқ», – дейді Астана қаласы білім басқармасының страте­гия­лық талдау және цифрлы техноло­гия­лар бөлімінің жетекшісі Жазира Асанова.
Павлодар облысындағы төрт музыка мектебі біріктіріліп жатыр. Бұл жөнінде өңірлік БАҚ-қа №2 музыка мектебінің жетек­шісі Лаура Темірғалиева хабарла­ған. Оның айтуынша, мектепке қала әкімдігінен қаулы келген. Ол жерде қаладағы үш мектеппен қатар Кенжекөл музыка мектебінің де біріктірілетіні айтылған.
«Педагогтарымыз бірнеше мектепте жұмыс істейді. Оңтайландыру іске асырылған жағдайда олардың саға­ты қысқарады. Сәйкесінше, жала­қы­сы да азаяды. Бізге жетекшілер, екі меңге­ру­­ші мен есепшілер ғана қыс­қар­тылады деді. Бұған ата-аналар да наразы», – деген болатын Лаура Темір­ғалиева.
Бұл жағдайға қатысты қалалық білім бөлімі пікір білдірген. Олардың мәлім­де­уінше, мектеп ғимаратын еш­кім тар­тып алмайды.
«Оңтайлан­ды­рудың жаса­­лып жат­қан себебі – қаражат үнем­деу. Штат тұрғы­сынан ешкім қысқар­тыл­­­майды, ғимара­ты да орнында қала­ды. Мектеп жетек­ші­лері өз бөлім­де­рінің меңгеру­ші­сі болса, меңгерушілер қосым­ша бі­лім беру педагогы қызмет­те­ріне бекі­ті­леді. Бір ғана директор бо­­ла­ды. Ол бай­қау арқылы таңдап алы­на­ды», – дейді Павлодар қалалық білім бө­лімінің қызмет­кері Айгүл Төлектемі­ро­ва. Мұн­дай оңтайлан­дыру амалдары қаладағы екі шығарма­шы­лық мектепке де жүргі­зі­­леді.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Пре­мьер-министрге тастаған сауалында қосым­ша білім беру жүйесін кеңейтудің орны­на жекелеген әкімдіктер бар мек­теп­терді оңтай­ландырып әлек деп мәсе­ле көтер­ді. «Бұл шешімге келуге Ресейдегі білім беру мекемелерінің жүргізген оңтай­ландыру жүйесі түрткі болған. Енді екі елдегі қосымша білім беру жағдайын салыстырып көрелік. Біздегінің жайы көңіл көншітпейді, – дейді депутат.
– Мәселен, Санкт-Петерборда 5,5 мил­­лион тұрғын бар. Ол жерде 640 меке­ме бар. Оның ішінде 450-і – толық­қан­ды оқушылар сарайы. Яғни, 10 мың тұрғынға – бір сарай, 100 мың тұрғынға – 45 музыка мектебі, 113 өнер мек­тебі. Бұл мектеп оқушы­ла­рын тегін қосымша біліммен 120 пайызға қам­тып отырға­нын білдіреді. Астанамен салыстырар болсақ, Қазан қаласында 1,23 млн адамға қосымша білім беретін 90 мекеме бар. Балалар 80 пайызға қам­тыл­­­ған. Елордадағы үлес болса, бар болғаны 22 пайызға әзер жетеді. 1 млн тұр­ғ­ынға 11 қосымша білім беру орта­лығы бары белгілі. Атап айтқанда, 2 оқу­шылар сарайы, 2 өнер мектебі, 3 музыка мектебі, 1 шығармашылық мек­теп, 1 техникалық шығармашылық мектебі, балалар және жасөспірімдер туризмі орталығы және 1 балалар мен жасөспірімдер орталығы. Осыған қара­мас­тан, қосымша білім беру орталық­тарын әлі де қысқартып, жетеуін қал­дыр­мақ. Бұл Астанадағы білім орта­лықтарымен қамту көлемін одан әрмен азайтады. Сонымен бірге, олар­дың қол­жетімдігіне де күмән бар. Бұл оңтай­ландыру логикаға кел­мей­ді. Өйткені бұл ұйымдарға кеткен шығыннан гөрі олардың табысы көп. Енді есептеп көрсек, оңтай­ландыру процесінен соң 18 штат бір­лігі қысқарады. Тиісінше, жылына 20 млн теңге үнемделеді. Солай бола тұра оңтайлан­ды­ру ұсынылып жатқан мекемелерден түсетін табыс – жылына 100 млн теңге. Осы жері ойға қонымсыз. Демек, қосымша білім беру мекемелерін сақтап қалу мәселесін қолға алу керек. Тек елордада ғана емес, елі­міз­дің өзге өңірлерінің жағдайын да қарас­ты­ру қажет», – дейді Ирина Смирнова.
Оңтайландыру процесіне қатысты нақты шешім шыққан жоқ. Әкімдіктер бұл мәселені майшаммен қарап жатқан секілді. Екшеп, өлшеп, таразыға салып барып қана нүктесі қойылмақ. Бір анығы, қосымша білім беру орталықта­рына сұраныс жоғары. Жаңадан салына ма, қайтадан құрыла ма – белгісіз.

Жадыра АҚҚАЙЫР