Мектеп асханасындағы тамаққа байланысты 14 директор жазаланған

0

Астананың қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мектеп асханасындағы тамақ сапасын қатысты 14 директорды жазалаған. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының жетекшісі Әнуар Жанғозин айтты.

Оның сөзінше, сегіз мектепте тәртіп орнату мақсатында жауапты адамдарға сөгіс жарияланып, кейбірі жұмыстан шығарылған және мектеп асханасына тамақ тасушылармен жасасқан келісімшарт үзілген.

«14 мектепте анықталған кемшіліктен соң тамақ жеткізушілермен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылданды. Жақын арада тамақ тасушыларға қайта конкурс жарияланады» деді Әнуар Жанғозин.

Басқарма жетекшісінің айтуынша, мектеп асханасына тамақ әкелетіндер келер жылдың басында анықталады және мұндай шара тағы 27 мектепте жүріп жатыр.

Жанғозиннің сөзінше, Білім және ғылым министрлігінің азық-түлік сатып алу және тамақтандыруды ұйымдастыру туралы №717 бұйрығына өзгеріс енген.

«Бұйрықтың жаңарған нұсқасына сәйкес конкурс бұрынғыдай өтпейді. Бұрын әр мектеп, әр директор конкурс жариялайтын және бұдан көп мәселе шықты. Жаңа ереже бойынша орталықтандырылған конкурс өтеді. Бірнеше мектеп бірігіп жариялауы мүмкін. Бұл жақсы жұмыс істейтін тамақ жеткізушілерді анықтауға көмектеседі» деді білім басқармасының басшысы.

Оқи отырыңыз: Мектептегі «сорпа дауы» сотқа жетті

Үш жыл бұрын Қазақстан мектептерінде тегін тамақ беру жүйесі тоқтатылды. 2015 жылы ақпан айында экономикалық дағдарысты алға тартқан президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан азаматтары балаларының айраны мен тоқашы үшін өздері төлеуі тиіс» деп айтқан.

Қазір мектептегі асханаларда арнайы тендерге қатысып, ең арзан баға ұсынып жеңген компаниялар жұмыс істейді. Олар ұсынған тамақты балалар сатып алады.

Дереккөз: Азаттық