Мектеп асханасындағы тағам сапасы әркелкі

0

Қоғамдық ұйымдар мектеп­тегі тамақтандырудың бүгінгі тәжірибесі түрлі созылмалы дерт­тер­ге шалдықтыратынын бұл­­­т­артпас дәйектермен алға тар­т­­қан болатын. Оны тиім­ді шешу­дің төте жолы – мемлекет дұрыс тамақтануды ұйым­дастыру мен оны тиімді бақы­лауды қам­тамасыз ету үшін жергілікті бюджеттерден қаражат бөлу тәжірибесін қай­тар­ған дұ­рыс деген көзқарас­та екендерін м­ә­­лім­­­деген-ді. Сарапшылар Ал­ма­­­ты қала­сын­дағы жалпы орта білім бере­тін мектептерді ішінара таң­­дап алып, 10 мектептің ас мәзі­­рі­мен танысып шықты. Олар ас­ха­на мен буфетте сатылатын өні­м­­дер­­д­ің ассортиментін тексерді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Алматы және Алматы облысы бойынша Ұлт­тық алдын алу тетігі то­бы­ның мүшесі, «Ұла­ғат­ты жанұя» қоғамдық қоры­ның же­тек­шісі Марианна Гурина­ның пікірінше мектептегі тамақтандыруды ұйым­дастыруда әлі де бірқатар өзекті мәселе шешілмеген күйін­де қалып отыр. Әлеуметтік тұр­мысы төмен отбасылардың бала­ларын тамақтандыру және осы санатқа жататын оқушы­лар­ды та­мақ­тандыру сапасы мен ұйым­­­дас­тырылуы мектептерде әр­­кел­кі. Кейбір мек­­тепте тұр­­мысы төмен от­ба­с­ы­лар­дан шық­қан балаларға бері­летін тамақ пен жалпы мек­теп­тегі түскі ас мәзі­рі­нің еш айыр­машылығы жоқ.

Бұл балалар қатарластарымен бірге түстенеді және өздерін қор сезінбейді, ерекшеленбейді. Дегенмен, жекелеген мектептерде осы санаттағы балаларға арналған ас мәзірі тым қарапайым болып келеді. Тағам көлемі біздің есептеуімізше, тіпті әкімшіліктен бөлінетін сомадан да аз екені байқалады. Осы жерде сұрақ туады. «Неге кей мектептер әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға сапалы тамақ ұйымдастыра алады да, басқалары ұйымдастыра алмайды? Бұл процесті кім қадағалайды?

Былтыр қалалық білім басқармасының өкілдері тендерді қосалқы шаруашылығы бар компаниялар ғана ұтып алады де болатын. Дегенмен мектептерді аралау, және жалға алушылармен сөйлесу барысында мұндай компаниялардың іс жүзінде жоқ екендігі және мектептердегі түскі ас құнының басым бөлігі бұрынғыша алыпсатарларға кетіп жатқандығы анықталды. Яғни, делдалдарды сатып алу процесінен қалай алыстатуға және мектептегі тамақтандырудың құнын қалай арзандатуға болады?

Мектептегі тамақтандырудың бағасын арзандатуда жеке кәсіпкерлерді қолдау саясаты, әсіресе жалға алу құнын төлеуден босату барынша әсерін тигізе алады. Бүгінде мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырушылар ас үй ғимараттарымен, жабдықтарды жалға алғаны үшін ақы төлеуге мәжбүр болып отыр. Бұл мектептегі түскі астың бағасын өсіріп жібереді.

Буфеттегі сатылатын өнімдердің ассортименті де өзекті мәселе. Көптеген мектепте тыйым салынған сусындар, майонез қосылған өнімдер, құрамында май мен қант мөлшері шектен тыс тағамдар бұрынғыдай сатылып жатыр.

Егер оқушылардың көпшілігі ыстық тамақ ішпейтіндігін, дәл осы буфеттегі өнімдерді тұтынатындығын ескерсек, мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырушылар тыйым салынған өнімдерді сата отырып, осылайша жап-жақсы табыс көзін тауып отыр деген қорытынды жасауға болады. Сондықтан қала мектептеріндегі буфеттерде сатылатын өнімдердің ассортиментіне тұрақты бақылау жүргізу қажет.

Сауда-саттықты реттейтін ережелер кассалық аппаратты міндетті түрде пайдалануды қарастырады. Дегенмен, 10-15 минуттық үзіліс кезінде топырлаған балаға қызмет көрсетілетін мектеп жағдайында, кассалық аппараттарды пайдалану іс жүзінде мүмкін емес. Әйтпесе, оқушылардың басым бөлігі тамақсыз қалады. Барлық мектепте кәсіпкерлер аталған ережені бұзуға мәжбүр болып отыр. Және осы жағдайдан шығатын жолды іздестіру қажет, болмаса мектеп асханасын әрбір жалға алушы кез келген уақытта заң бұзушы болып танылуы және жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Асхана қызметкерлерінің санитарлық кітапшаларына қатысты сұрақтар да жеткілікті. Оның талапқа сай келуін, қызметкерлердің медициналық комиссиядан дер кезінде өтіп отыруын кім қадағалайды?

Осындай түйткілдер жаңа қадамға баруға түрткі болды. Мәселен, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының жетекшісі Марианна Гурина: «Барлық мектепке бірдей жағдай жасалғанымен тамақтандыруды ұйымдастыру мен сапасының әркелкі болып келетіндігін ескере отырып, Алматы қаласында ең үздік тамақтандыруды ұйымдастырушы және мектептегі ең дәмді түскі ас сайысын жариялауды ұсынамыз. Сайыс жеңімпаздары келесі оқу жылына мектептегі тамақтандыруға тендер өткізу кезінде артықшылыққа ие болатын болады», деген ұсыныс жасады.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сарапшы Бақыт Түменова өсіп келе жатқан ағзаны теңдестірілген пайдалы тағам түрлерімен қамтамасыз етпеу түптің түбінде ұлттың денсаулығынан көрінетіндігін кезекті рет қаперге салып өтті.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/