Медсақтандыру жоқ: Құрсақтағы сәбиі қайтыс болған елордалық әйелді ауруханаға жатқызбай қойған
Аяғы ауыр елорда тұрғынын медициналық сақтандыру бойынша қарыздары болғандықтан, қан кетіп, құрсақтағы баласы қайтыс болып кеткеніне қарамастан, ауруханаға жатқызбай қойған деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Аяғы ауыр келіншек жүктіліктің 8-ші аптасында өзін нашар сезінеді. Қызуы көтеріліп, қан кете бастайды. Алайда медициналық сақтандыру бойынша қарызы бар болғандықтан, оны ақ халаттылар ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
Белгілі болғандай, құрсақтағы бала іште қайтыс болып кеткен екен. Алайда қалалық ауруханаға көмек сұрап келген әйелді ауруханаға жатқызбай қойған. Себебі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша әйел берешек болып қалған екен.
«Олар маған бас тартуға құқығымыз бар деп жауап қатты. Олар дамымай қалған жүктілікпен екі айға дейін аман жүруге болатынын алға тартты. Содан кейін мен жеке клиникадағы таныс дәрігерге жүгіндім. Бұлай айлап жүре беруге болатын да шығар. Олар үшін бұл жай ғана дамымай қалған ұрық, ал мен үшін бұл іштегі өлі бала», — деп күйінді елорда тұрғыны Оксана.
Тілшілер қалалық емхана дәрігерінен түсініктеме алған. Ақ халаттының айтуынша, олар сақтандыруы жоқ науқастарды қабылдауға құқы жоқ. Әйел жағдайы нашарласа жедел жәрдемге хабарласуы тиіс болған дейді ол.
«Оның сақтандыруы болмады. Ол сақтандыруы барын айтқанымен, базада болмады. Сол себепті, біз оны қайтардық. Егер жағдайы нашар болса, жедел жәрдемге хабарласып, шұғыл көмекке жүгінуі қажет», — дейді №2 қалалық көпбейінді аурухананың гинеколог-дәрігері.
Репродуктивті медицина қауымдастығының басшысы дамымай қалған жүктілікпен әйел он күннен екі айға дейін жүре алатынын айтуда. Осы уақыт ішінде міндетті медициналық сақтандыру бойынша қарыздарды төлеуге болады. Ал егер әйелдің өміріне ешқандай қауіп болмаса, онда дәрігерлер медициналық сақтандыруы жоқ науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартуға құқылы екен.
«Егер шұғыл түрде тазарту жасау қажет болмаса, онда әйел міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде ауруханаға жатқызылады. Егер ол сақтандыру бойынша төлем жасамаған болса, ол оны төлеуі керек, демек, ол ақылы түрде ауруханаға жатқызылады немесе осы жарналарды төлеуі керек, барлық төлемді толықтырады», — дейді Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.
Осы оқиғадан кейін медициналық сақтандыру қоры ауруханада тексеру жүргізіпті.