«Медиазона» сайты: «Соғысты соғыс деуге, шындықты айтуға тыйым салды»

0

Ресей Бас прокуратурасының талабы бойынша Роскомнадзор «Медиазона», Republic, Vot Tak, «7×7» және «Лентачел» сайттарын құлыптады, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Медиазона» хабарына қарағанда, Роскомнадзор хатында нақты бір материалға сілтеме берілмеген, тек домен көрсетілген.

Роскомнадзор «Укрина аумағындағы әскери қақтығысқа байланысты мәліметтер жариялаған сайттар халық арасында дүрбелең туғызып, қоғамдық тәртіпті жаппай бұзуға итермелейді» деп санайды.

«Түсінікті тілмен айтқанда былай: бізге соғысты соғыс деп айтуға, ол туралы шындықты жазуға тыйым салып отыр», — дейді «Медиазона».

Мұнан өзге Пермьнің «Звезда» басылымының сайты да ашылмай қалған. Бұл баслымның редакциясы да Ресейдің көршілес елдегі соғыс қимылдарына қарсы шыққан еді.

Роскомнадзор Ресей қарулы күштерінің Украинадағы арнаулы операциясының барысы жайлы расталмаған ақпарат таратты» деп Zello қосымшасын да құлыптауға шешім шығарған.

Ресей Украинаға шабуылы БАҚ-тың «соғыс» деп атауына тыйым салған. Ресей билігі оны «Украинадағы арнаулы операция» деп атайды. Журналистерден тек ресми мәліметтерді ғана жариялауды талап етеді.

Ұрыс қимылдары туралы ақпаратттарын алып тастаудан бас тартқаны үшін Азат Еуропа, Азаттық радиосының екі жобасы «Настоящее Время» мен Крым.Реалии сайтын құлыптап тастаған. Ресей билігінің қысымына байланысты Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орыс редакциясы Мәскеудегі бюросының жабылатынын хабарлаған. «Дождь» телеарнасы мен «Эхо Москвы» радиостанциясы жұмысын тоқтатқан. «Америка дауысы», «Медуза», Би-би-си, Deutsche Welle сайттары құлыпталған.

Роскомнадзор Facebook пен Twitter әлеуметтік желілерін Ресей аумағында жапқан.

Бұған дейін Ресей билігі «Медиазона», Republic, «Дождь», «Медузаны» «шетел агенттері» деп жариялаған еді.