Медиация – азаматтық-құқықтық дауларды шешудің ерекше жолы
Медиация бүкіл әлемде кеңінен қолданылатын, дауларды соттан тыс шешудің оңтайлы жолы деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Сотта немесе арбитражды төрелік кезінде дауға қатыспайтын, бейтарап үшінші жақ (арбитр, сот) екі тарап ұсынған ақпаратты жинап, тыңдап, тараптардың орындауы үшін міндетті шешім шығарады. Ал медиацияда бейтарап үшінші жақ (медиатор) тараптарға мәселені талқылау барысында өздеріне ортақ шешім қабылдауға көмектеседі. Медиатор дауласушы тараптардың оң қарым-қатынас орнатуына, олардың ұстанымдарының түсінікті болуына әсер етіп, басты күшті олардың мүдделерінің негізінде жемісті шешімге келуге қажетті шешім қабылдауға, ортақ шешімге келуге жұмсайды.
Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастырудағы қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Медиация туралы» Заңымен реттеледі.
Бұл заңмен Қазақстандағы медиацияның қалыптасуының негізі қаланды. «Медиация мәселелері жөнінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен ҚР Азаматтық кодексіне, ҚР Қылмыстық кодексіне, ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне, ҚР Әкімшілік кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер қолданыстағы заңнама жүйесін және жаңа құқықтық институтты байланыстырды.
Медиацияның және бітімгершіліктің «Медиация» бірыңғай орталығы» РҚБ дайындаған Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидасы 2011 жылдың 3 шілдесіндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Бұл қағидада кәсіби медиаторларды оқыту тәртібі реттеліп, үшдеңгейлі оқыту жүйесі бекітілді.
2012 жылдың ақпанында ҚР Азаматтық процестік кодексіне және ҚР Салық кодексіне, сонымен қатар ҚР «Медиация туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, медиация туралы заңнамамен ҚР Салық кодексінің арасындағы міндетті мемлекеттік төлемдерді қайтару бойынша қарама-қайшылық жойылды (ендігі жерде ҚР Салық кодексінің 108 бабына сәйкес дауларды медиация тәртібінде реттегенде міндетті мемлекеттік төлемдер қайтарылады).
«Медиация туралы» Заңға сәйкес медиация азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы (ҚР Қылмыстық кодексінің 68 бабы), қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар кезінде қолданылады. Медиация рәсімі тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға), сонымен қатар сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша қолданылмайды.
Осылайша медиацияны құқықтық инситут ретінде барынша реттейтін және оның тиімді қолдануға мүмкіндік беретін бірыңағай заңнамалық негіз қалыптасқан.
Бүгінгі таңда медиация жүйесінің барлық буындарының жұмысын үйлестіретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігінің анықталғаны көңілге қуаныш ұялатады. Министрлік тарапынан медиацияның жағдайын зерделеп, оны дамытудың басты бағыттары анықталды. Ағымдағы жылдың қарашасында ҚР ҚДМ Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымованың басшылығымен дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда алдыңғы қатарлы сарапшылар ҚР «Медиация туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Мамандар медиация жүйесін жетілдіре түсу жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп есептейді.
Романовская Светлана Юрьевна
«Ұлттық медиаторлар палатасының» Басқарма төрайымы,
V шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты