Меценат моншада тұрып жатқан бес балалы отбасыға жаңа үй алып берді

0

Алматы облысының Талғар ауданында моншада тұрып жатқан отбасы қоныс тойын тойлауда. Меценат Асқар Сүлейменов бес балалы отбасыға үш бөлмелі үй алып берді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Алматы облысында меценат моншада тұрып жатқан бес балалы отбасыға жаңа үй алып берді

Қуаныш және Мақпал Жанболаттар – көпбалалы ата-ана. Олардың 2011, 2013, 2014, 2016 және 2018 жылы туған бес баласы бар. Бұған дейін олар монша ретінде пайдаланылған жатақты жалдап тұрып жатқан еді. Олардың қиын жағдайда өмір сүріп отырғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарап, жанұяның мәселесінен құлағдар болған облыс әкімі Амандық Баталов Талғар ауданының әкіміне жас отбасыға жәрдем көрсету мүмкіндіктерін қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Артынша «Әлішер» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Сүлейменов көмек қолын созуды жөн көріпті. Ол көпбалалы отбасыға Т.Рысқұлов ауылынан 9,5 миллион теңгеге барлық жағдайы жасалған жаңа үш бөлмелі үй алып берді.

Көпбалалы отбасыны жаңа қонысымен құттықтауға облыс әкімі Амандық Баталов барды. Көп балалы отбасы бұған дейін өздері жалға алып тұрған бұрын монша ретінде пайдаланылған жатақтан жаңа үйге көшірілді. Меценат отағасы Қуаныш Жанболатқа жаңа баспананың кілті мен құжаттарын табыс етті.

Сондай-ақ, аудан әкімі көмек ретінде азық-түлік, көмір жеткізіп беріп, 3 айлық сәбиге қоларба және басқа да балаларына ойыншықтар тарту етті.

Алматы облысында меценат моншада тұрып жатқан бес балалы отбасыға жаңа үй алып бердіӨз кезегінде жас ата-ана көрсетілген көмек үшін шын жүректен ризашылықтарын жеткізді.

Атап өтсек, Жанболаттар отбасы Ұйғыр ауданында тіркеуде, бес балаға жәрдемақы алады. Қуаныш балалар үйінде өскен, сол қолында саусақтарының жартысы жоқ, сол көзі көрмейді. Бірақ бүгінге дейін мүгедектікке құжат тапсырмаған. Осыған байланысты Талғар аудандық әкімдігінің көмегімен атаулы әлеуметтік көмек алуға және мүгедектік бойынша жәрдемақы рәсімдеуге құжаттар жинақталып, дайындалуда.

Stan.kz