Мәжілістің бір топ депутаты қалаға аттанды

0

Төменгі палата депутаттары біркүндік жалақысын арнайы көмек көрсету қорына аударды

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар атынан Арыстағы жарылыстан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Ең біріншіден, барлық депутаттық корпус атынан Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Сонымен бірге зардап шеккендердің тезірек жазылып кетуін тілейміз», — деді спикер мәжіліс отырысын бастамас бұрын.

Нығматулиннің айтуынша, төменгі палата депутаттары да біркүндік жалақысын арыстықтарға көмек ретінде аударған.

«Баршаңызға белгілі, осы күндері барша қазақстандық бір ел, бір халық болып, Арыс қаласының тұрғындарына қолдан келген көмекті көрсетуде. Соның ішінде мәжіліс депутаттары да бірінші күннен бастап осы оқиғадан тыс қалған жоқ. Депутаттар өздерінің біркүндік жалақысын арнайы көмек көрсету қорына аударды», — деді ол.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Арыс тұрғындарына көмек көрсету қорына өз ақшасын аударды

Спикер депутаттардың Арыс қаласына аттанғанын атап өтті.

«Кешеден бастап біздің бір топ депутат халықпен кездесу үшін Арыс қаласына жол жүріп кетті. Баршамыз Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындардың жағдайының жақсаруын тілейміз. Арыс, біз – біргеміз», — деді Нығматулин.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан екі адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Аталған оқиғаға қатысты «Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кешке таман Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып кетті. Мемлекет басшысы жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.

25 маусым күні ішкі істер министрінің орынбасары жарылыс тіркелмегенін, бірақ жарылыс қаупі әлі де сақталып отырғанын мәлімдеді. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен саперлер қала аумағындағы теміржол жолдар мен стансаларды тексеріп жатыр.

Сондай-ақ, жарылыс кезінде жоғалып кеткен балалардың ата-аналарымен қауышқаны хабарланды.



sputniknews.kz