Мәжілісте зейнет жасын 60-қа дейін төмендету ұсынылды

0

Мәжіліс депутаты Александр Милютин еңбек жағдайының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынып, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Депутат қазіргі зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту керек деп есептейтінін айтады.
«Қазақстандықтардың көбінде жалақы аз болғандықтан, зейнетақы жинағы да аз. Сондықтан біздің партия бұрын жақсы нәтиже көрсеткен зейнетақы жүйесіне оралуды ұсынады. Біздің басты ұсыныстарымыздың бірі — еңбек жағдайының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарастыру.

заматтың жынысына қарамастан зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек.Зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін көтерудің мәні жоқ. Ең төмен базалық зейнетақы жыл сайынғы орташа жалақыға тең болуы керек. (…) Құқықтық зейнетақыны жыл сайын индекстеу номиналды инфляцияны ғана емес, сонымен бірге нақты тұтыну бағаларының өсу индексін, сондай-ақ жалақының өсу индексін де ескеруі керек», — деді Александр Милютин Мәжілістің жалпы отырысында.Депутат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтары төмендеп жатқанын атап өтті.

«Бес жыл ішінде алғаш рет БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтары төмендеуге көшті. 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша олар 11 триллион 405 миллиард теңге болды, ал 2020 жылғы 1 маусымға қарай 11 триллион 388 миллиард теңгеге дейін азайды, яғни 17 миллиард теңгеге қысқарды. Халықтың зейнетақы жүйесіне нашар қатысуы, жинақтардың өте төмен деңгейі болашаққа әлеуметтік қиындыққа әкеп соқты, ал енді бұл тәуекелдер одан әрі ушығып барады», — деді ол.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары бұған дейін Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынып, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдаған еді. Бұған Үкімет басшысының баспасөз қызметіндегілер «Қазақстанда зейнет жасын ұзарту мәселесі қарастырылмайды» деген жауап берген болатын.