Мәжілісте министр мен депутаттар ет үшін дауласып қалды

0
1123

Мәжіліс отырысына Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев келіп, депутаттардың сұрағына жауап берді.

Талқылау барысында министр мен депутаттар бір-бірімен келіспей, дауласып қала жаздады.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай еліміздегі ауыл шаруашылығы мен азық-түлік мәселесін көтерді.

– Қазіргі кезде ауыл фермерлері өзінің ет өнімдерін тек қара базарға өткізіп, күн көріп отыр. Кезінде үлкен ет комбинаттары бар еді. Қазір олардың ізі де жоқ. Аймақтарда осындай комбинаттар салу жоспарда бар ма?, – деп сұрады депутат.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, ет бағасы арзан, сондықтан шығынды ақтамайды.

– Ел шығысында ет комбинаты жоқ. Алайда жалпы елімізде ет комбинаттары жетерлік. Бірақ оларға халық ет өткізбейді. Мен жақында Ақмола облысында болдым. Ол жақтағы комбинат басшылары фермерлер ет бермейтінін айтып отыр, – деп жауап берді министр.

Бұл жауапқа депутат келіспей, «Қарағанды мен жаңадан ашылған Ұлытау облысында ет комбинатын салсаңыз, шаруалар ет өткізуге дайын» деп сендірді.

Осыдан кейін бұл диалогқа Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та араласып, пікірін айтты.

– Аманжол Дүйсенбайұлы, сіздің айтқаныңызбен енді мен келіспеймін. Бұрынғы әкім ретінде айтайын, халық ет өткізгісі келмейді. Оны білеміз, – деді спикер.