Мәжіліс жылды қорытындылады
Бизнес дамып, кәсіпкерлік реттеледі
Елімізде кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру жөніндегі түзетулердің ауқымды топтамасына Мемлекет басшысы биылғы 24 мамырда қол қойған болатын. Осының әсерінен еліміз «Doing Business» халықаралық рейтингінде 8 позицияға көтеріліп, бизнесті дамыту үшін неғұрлым қолайлы климаты бар елдер арасынан 28-орынға шықты.
Бұл деректерді Мәжілісте қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, Елбасының Парламенттің төртінші сессиясында берген тапсырмасы негізінде бизнес-ортаны одан әрі дамыту және сауда қызметін жетілдіру жалғаса бермек. Мәселен, аталған заң жобасында 38 заңнамалық актіге шамамен 300 түзету көзделуде және ол жалпы алғанда 2 блоктан тұрады.
– Бірінші блок «Doing Business» халықаралық рейтингінде Қазақстанның позициясын одан әрі жақсартуға бағытталған. Екінші блок электронды және биржалық сауданы, агроөнеркәсіптік кешендегі ішкі сауданы реттеуді жетілдіруді, сондай-ақ сыртқы сауда қызметін реттеу мәселелерінде ұлттық заңнаманы үндестіруді көздейді, – деді Т.Сүлейменов.
Нақтырақ айтқанда, осы құжат бойынша электр энергиясын жария оферта қағидаттары негізінде жеткізуге арналған шарт жасасу мүмкіндігін заңнамалық деңгейде қарау, компанияларға шотты ашқан кезден бастап оны қашықтықтан пайдалануға рұқсат беру, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде шиеленіскен жағдайларды шешу мәселелерін регламенттеу және техникалық-экономикалық негіздемелерді түзетпестен, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуді жүзеге асыру ұсынылған.
– Мемлекет басшысының инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары арасында өнімді өткізу кезінде айналымдарды ҚҚС-дан босату ұсынылады. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарларды өткізу кезінде ҚҚС-ның нөлдік мөлшерлемесін қолдануды таңдау құқығы беріледі, – деді Ұлттық экономика министрі.
Министрдің айтуына қарағанда, қазір салықтық әкімшілендіру шеңберінде «Виртуалды қойма» модулі және «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Сондай-ақ онлайн бақылау-касса машиналарын барлық жерде пайдаланудың мерзімін 2024 жылдан 2020 жылға ауыстыру көзделген.
Т.Сүлейменов заң жобасы қабылданғаннан кейін орын алуы тиіс оң өзгерістерді де тізіп шықты. Мәселен, нарықтық баға, таза бәсекелестік және бизнес субъектілерінің сауда биржасына еркін қол жеткізуі есебінен қалыптастырылған баға ұғымы енгізілді.
Сондай-ақ тиімсіз делдалдар мен дилерлерді лицензиялау институты болмайды. Бұл ретте биржаларда аккредитациялау институтын сақтау және кәсіптік өзін өзі реттеу есебінен бизнес-қауымдастықтың жауапкершілігі күшейеді.
Заң жобасында агроөнеркәсіп секторындағы сауда-саттық мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Оның ішінде тұрақтандыру қорларының қызметіне көбірек икемділік енгізу бойынша нормалар көзделген. Атап айтқанда, ӘКК сатып алынатын тауардың санын, сондай-ақ кейін оны сату уақытын өз бетінше айқындау бойынша өкілеттіктері кеңейеді.
Жалпы алғанда, заң жобасы кәсіпкерлік қызметті қолдауға, бизнес шығыстарын қысқартуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және сауда инфрақұрылымын кешенді дамытуға бағытталған.
Құжат депутаттардың сауалдары мен талқылауларынан соң толық мақұлданды. Ал қалыс қалған немесе жетілдірілмеген нормалар екінші оқылымға дейін түзетілуі тиіс.
Жалпы отырыста депутаттар «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы», «2014 жылға 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын мақұлдап, тағы басқалары бойынша қорытынды әзірлейтін болды.
Атқарылған іс көп, алдағы міндеттер де аз емес
Биылғы жылдың соңғы жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия басталған төрт айдан бері атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды жасады.
Палата Төрағасы атап өткендей, депутаттық корпус өз жұмысында ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сессияның ашылуында және биылғы Жолдауда берген тапсырмаларын басшылыққа алды.
Қыркүйек айында төртінші сессияны ашқан Елбасы еліміздің одан әрі сындарлы экономикалық-әлеуметтік дамуын сапалы заңнамалық қамтамасыз етуге баса назар аударған болатын.
Президент тапсырмасын жүзеге асыра отырып, Мәжіліс депутаттарына сессия басталғанда 82 заң жобасы ұсынылып, оның 40-ы мақұлданып, 21-не Мемлекет басшысы қол қойып, олар күшіне енді.
Мәжіліс депутаттары Елбасының тапсырмасы бойынша ең алдымен барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған заң жобаларына назар аударды, – деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы төртінші сессияның алғашқы күнінен бастап депутаттық корпустың белсенді жұмыс атқарғанын атап өтіп, алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыс тұрғанына тоқталды.
– Сессия басталғалы 7 «Үкіметтік сағат», Парламенттік тыңдау, 7 Мәжіліс комитеттерінің көшпелі отырыстары, 3 халықаралық конференция өтті. Бұған қоса, сайлаушылармен жұмыс істеу, тиімді «кері байланысты» орнату біз үшін өте маңызды, – деді Н.Нығматулин.
Сондай-ақ Президенттің биылғы Жолдауын жария еткеннен кейін, Мәжіліс депутаттары халықпен кездесу үшін өңірлерді аралауға шықты.
– Бүгінде Мәжіліс қарауында тағы да 40-тан астам заң жобасы бар. Осы құжаттардың барлығын сессиямыздың соңына дейін жан-жақты талқылап, жоғары деңгейде қабылдауымыз қажет. Себебі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету, ол – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан барлық фракция депутаттары әдеттегідей бірлесіп тиімді, белсенді және нәтижелі қызмет атқаруымыз керек, – деді Н.Нығматулин.
Нұрлан Нығматулин әріптестеріне белсенді және бірлескен заңнамалық қызмет үшін алғысын білдіріп, келесі жылы барлық фракциялардың үйлестірілген және кәсіби жұмысы арқасында депутаттар, Парламент Мәжілісі Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сапалы және тиімді заңнамалық қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Тұтастай алғанда, Мәжіліс депутаттары төртінші сессияның басында өзін өзі еңбекпен қамту, кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізу, мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сатып алу мәселелеріне байланысты заң жобаларын мақұлдады. Сонымен бірге «Табиғи монополиялар туралы» және «Кинематография туралы» заң жобалары да депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруды толыққанды қаржыландыру үшін депутаттар еліміздің басты қаржы құжаты – «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы аталған құжатты талқылау барысында бөлінген бюджеттік қаржыларды тиімді игерудің маңыздылығын, әрбір тиын мақсатты түрде қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге қызмет етуге тиіс екендігін атап өтті. Сондай-ақ палата Төрағасы әрбір заң жобасы Мәжілісте қызу талқыланып, мұқият қаралып, халықтың игілігіне жұмыс істеу керектігіне тоқталды.
Сессия басталғаннан бері құзырлы мемлекеттік органдарға 95 депутаттық сауал жолданған.
Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары Тұрғын-үй құрылысы, мемлекеттік қызмет көрсету, басқа да мәселелерге қатысты заң жобаларымен жұмыс істеуде.
2019 жылы Мәжіліс Елбасы міндеттерін заң жағынан қамтамасыз етуді жалғастыратын болады. Депутаттардың заң шығармашылық жұмысы оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін төмендету, экология мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бағыттарында болмақ. Сондай-ақ бизнес ортаны дамыту және сауда қызметі мен туризм мәселелері басты назарда болады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/