Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Эстонияның Премьер-Министрімен кездесті

0

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.

Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Эстонияның Премьер-Министрі Юри Ратас бастаған делегация өкілдерімен кездесті деп хабарлайды zakon.kz ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.

Мәжіліс Төрағасы Эстония Қазақстанның Балтық аймағындағы маңызды әріптесі екенін алға тарта келіп, өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толғанын атап өтті.

Біздің еліміз аталған мемлекетпен жан-жақты әрі сындарлы диалогты одан әрі дамытуға ынталы.

Мәжіліс Төрағасы әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына айрықша тоқталды.

Осы ретте Эстонияның цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технология саласындағы жетістіктерін сөз еткен Н. Нығматулин осы бағытта жан-жақты, соның ішінде, заңнамалық деңгейде тәжірибе алмасудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлді.

Өз кезегінде Эстония Премьер – Министрі Қазақстанның, соның ішінде, Астананың даму қарқынына таңданысын жасырмады. Сондай-ақ, біздің елдеріміздің өзара іс-қимылы табысты дамып келе жатқанын айта келіп, екіжақты қатынасты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екеніне тоқталды.

Одан әрі Палата Спикері Мәжілістің заң шығармашылық жұмысы жайында әңгімелей келіп, парламентаралық байланысты күшейту мәселелеріне тоқталды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!