Мәжіліс қоғамда көп дау туғызған митинг туралы заң жобасын мақұлдады
Қысқа сілтеме алу
Енді бейбіт жиын өткізгісі келетін азаматтар жергілікті билікке алдын ала хабар берсе жеткілікті. Бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ
НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Мәжіліс «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасына сәйкес, енді бейбіт жиындар арнайы белгіленген орындарда өтеді. Бұл орындарды жергілікті атқарушы органдар анықтайды.
«Заң жобасында жиын өтетін орындарға бірқатар талап қойылған. Олар қала мен ауылдың орталық бөлігінде орналасуы керек. Бейбіт жиынның мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету керек», — деді заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин.
Оның айтуынша, ұйымдастыру қолайлығы, қатысушылар мен ұйымдастырушылардың инфрақұрылым нысандарын пайдалану мүмкіндігі, санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуы, бейбіт жиын ұйымдастырушылары мен қатысушыларының, басқа да адамдардың қауіпсіздігі сақталуы тиіс.
«Жауыз қылып бітірдік»: депутат митингте адамдарды сүйреп әкететіндер туралы айтты
Сонымен қатар, бейбіт жиналыстарға тыйым салатын және оны тоқтататын негіздердің толық тізбесі бекітілді.
Бұдан бөлек, пикет түріндегі бейбіт жиындарды тек арнайы орындарда емес, басқа кез келген жерде өткізуге рұқсат беріліп отыр. Тек заңмен тыйым салынған орындарда ғана пикет ұйымдастырылмайды.
«Мұндай орындардың толық тізімі жұмыс тобының жаңадан енгізген бабында көрсетілген. Осы тұста бұл тыйым салынған тізімде үкімет пен парламентті қоса алғанда, бірде-бір мемлекеттік орган жоқ екенін атап өткім келеді», — деді депутат.
Сонымен қатар, енді бейбіт жиын өткізгісі келетін азаматтар жергілікті билікке алдын ала хабар берсе жеткілікті. Бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ.
Заң жобасына сәйкес, жергілікті атқарушы орган хабарландыруды алғаннан кейін, бейбіт жиынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
Егер бейбіт жиын заңға қайшы болса, онда әкімдік оған тыйым салуға құқылы.
«Демонстрация мен шеру өткізу үшін оны келісу туралы өтініш беру қажет. Бұл екеуінің басқа жиындардан айырмашылығы – қатысушылардың жүретін маршруты белгіленеді, бастапқы және соңғы аялдамалары көрсетіледі, көлікті пайдалану туралы мәліметтер жазылады», — деп түсіндірді Мусин.
Айтуынша, бейбіт жиындар туралы хабар берудің мерзімі де едәуір қысқарып отыр.
Митинг немесе пикет өткізу үшін билікке бес күн бұрын хабарлау қажет. Бұған дейін үкімет он бес жұмыс күні ішінде хабар беруді ұсынған болатын.
Ал жергілікті атқарушы органдар он күн емес, енді үш жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.
Демонстрация немесе шеру өткізуді келісу туралы өтініш беру мерзімі он бес жұмыс күнінен он жұмыс күніне дейін қысқарды. Ал өтінішті қарау мерзімі он жұмыс күнінен жеті жұмыс күніне дейін азайды.
Бұдан бөлек, депутаттар митингке қатысушылар саны әу баста жоспарланған адам санынан асып кетсе, бейбіт жиынды мәжбүрлеп тоқтату туралы бапты өзгертті.
Яғни, адам саны митингке қатысушылардың немесе көшедегі басқа адамдардың өміріне қауіп төндірген жағдайда ғана тоқтатылады.
Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады.
sputniknews.kz