Мәжіліс депутаты ұйғыр халқының болашағына алаңдады
Қысқа сілтеме алу
Депутат вице-премьерден қалыптасқан жағдайды ескере отырып, ұйғыр этноұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды сұрады
НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған мәжіліс депутаты Шаймардан Нұрымов ұйғыр тілінен сабақ беретін мұғалімдердің тапшылығына алаңдап, отандық университеттің жанынан ұйғыртану кафедрасын қайта ашуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нұрымовтың айтуынша, бүгінде республикада ұйғыр тілінде сабақ беретін 68 мектеп бар. Білім ошақтарында, одан бөлек, қазақ, орыс және ағылшын тілдері де оқытылады. Бұл мектептердің мұғалімдерін Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университеті даярлап келген. Жоғары оқу орнында ұйғыр тілі мен әдебиеті бөлімі 1956 жылдан бері жұмыс істеген екен. Алайда 2003 жылы белгісіз бір себептермен жабылып қалған.
Амандық Баталов: Ұйғыр ауданының атауы өзгертілмейді
«Нәтижесінде соңғы 16 жыл бойы ұйғыр этноұйымдары, соның ішінде мектептер кадрлармен қамтамасыз етілмей қалды. Бүгінде ұйғыр тілінде сабақ беретін мектептерде ұйғыр тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің жетіспеушілігі аса қатты сезіле бастады. Мұғалімдердің көбі зейнет жасында немесе зейнетке жақын қалғандар. Сондықтан алдағы жылдарда бұл мәселе күрделене түсетіні айқын болып тұр», — деді ол премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат вице-премьерден қалыптасқан жағдайды ескере отырып, ұйғыр этноұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
«Әрине, жақсы түсінеміз, еліміздің әртүрлі сала мамандарын ұйғыр тілінде оқытып, дайындап шығара беруіне мүмкіндік жоқ. Сондықтан отандық бір жоғары оқу орнының базасында, мысалы, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан «ұйғыртану» кафедрасын қайта ашуға болады деп есепейміз. Сонымен қатар, ұйғыр бөліміне оқуға түскісі келетін талапкерлерге ҰБТ-дан бөлек, ұйғыр тілінде эссе жазуды қарастыру керек», — деді ол.
Нұрымовтың пікірінше, бұл қадам мектептер мен баспаларды ғылым саласында дайындалатын кадрлармен қамтамасыз етуге септігін тигізіп, Елбасы мен президенттің Қазақстанды мекен еткен халықтың болмысы мен мәдениетін сақтау және дамытуға негізделген бағытына сай келеді.
sputniknews.kz