Мәжіліс депутаты соңғы қоңырауды басқа күнге ауыстыруды ұсынды
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Қазақстанда Соңғы қоңырауды 31 мамырдан басқа күнге ауыстыруды ұсынды.
Аманжол Әлтай депутаттық сауалын вице-премьер Алтай Көлгіновке жолдады.
Зұлматты жылдар қасіретін жадымызда сақтап, сабақ алу үшін 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Тоталитарлық жүйенің қанды қасабына іліккен миллиондаған жанның қасіретті тағдырына ойлана қарап, аяулы есімдерін ардақтай еске алып, шын көңілімізбен лайықты құрмет көрсете алмай келеміз, — деді депутат.
Депутаттың пікірінше, 31 мамырда Алаш арыстарының рухына жасалатын құрмет олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қою, сол жерлерде бірер парақ сөз оқудан аспай тұр.
«Ел болу үшін ғазиз басын бәйгеге тіккен арыстар мен қолдан жасалған зұлматтың аранына жұтылған жазықсыз бауырларымыздың әруағы алдында осындай шаралармен шектелуімізге ұят деудің өзі аз. Бұл елдігімізге сын болып тұрған жағдай. Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12-тамыздағы № 363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 36 оқу аптасының соңы 31 мамыр болып бекітілді. Бұл шешімнің бейіт басында той жасағандай әсер етіп тұрғанын айтпасақ болмайды. Бұл министрлікте осыны уақытында аңғарып, дер кезінде бұл бұйрықта оңтайлы шешім ұсынуға түсінігі жететін бір адамның табылмағаны ма?! Қайран боздақтардың рухына бір күнді де қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?!», – деді Аманжол Әлтай.
Мәжіліс депутаты соңғы қоңырауды 30 мамырға, не 1 маусымға ауыстыруды ұсынды.
«Ең болмаса, 31 мамырда әлеуметтік желілердегі елдің бірлігін бүлдіретін, қоғамның діңгегін шірітетін адамдардың бір-бірін қаралау, ғайбаттау, жала жабу, өсектеу, қарғау секілді теріс әдеттерден тиылуға шақырамын. 31 мамыр – азаттық үшін арпалысып өткен, мемлекет құру жолында мерт болған, ұлт үшін атылған, ұрпақ бақыты үшін азап шеккен асыл бабалар алдындағы парызымызды сезінетін, Алаш аманатына адал болуға құлшынатын күн. Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленген 31 мамырға байланысты Үкімет осы күннің мән-маңызына, салмағына лайықты шараларды іске асыруға тиіс деп есептеймін», — деді ол.
Аманжол Әлтайдың айутынша, 31 мамырда «Жалпы халықтық үнсіз еске алу минуты» шарасы дәстүрлі түрде өтуі керек.
«Сол сәтте ел бойынша бүкіл қозғалыс тоқтап, бір минуттық үнсіздік арқылы саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын еске алу қажет. Онымен қоса, телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың жетік түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетілуге тиіс. Ақпарат құралдарында атаулы күннің тарихи салмағын, тағылымдық мағынасын жан-жақты жеткізетін мақалалар жариялануы керек. Балабақшалар мен мектептерде, жоғарғы оқу орындарында балалар мен жастарға арнаулы дәрістер, пікірлесу сағаттары, зиялы қауым және тарихшылармен кездесу кештері өткізуді жолға қою қажет», — деп сөзін түйіндеді депутат.
Айта кетейік, елімізде 2022-2023 оқу жылында соңғы қоңырау 31 мамырда соғылады.