Домой Жаңалықтар Мәжіліс депутаты 12 желтоқсанды Алаш күні деп жариялауды ұсынды

Мәжіліс депутаты 12 желтоқсанды Алаш күні деп жариялауды ұсынды

0
198

 Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов 12 желтоқсанды Алаш күні деп ресми белгілеп, жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынды. Осы орайда депутат Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Kznews.kz порталы Inform.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуда, яғни, тәуелсіздіктің негізін қалауда ХХ ғасырдың басында заманауи қазақ мемлекетін құруға ұмтылыс жасап, білімі мен қажыр-қайратын салып, осы жолда шаһид болған ұлт көсемдерінің, Алаш Республикасы арыстарының рөлін ерекше атап өтуіміз керек», — деді Б. Дүйсенбинов.

Ол бұл мәселеге қатысты бұған дейін де сауал жолданғанын еске салды.

«Биыл Алаш Республикасының құрылғанына 105 жыл толды. Естеріңізге сала кетейін, 29 маусымда «Ақ жол» фракциясы бұл датаны мемлекеттік деңгейде атап өтуді талап еткен депутаттық сауал жолдаған. Алайда, Үкімет бұл мәселені өкілетті министрліктерге тапсырғаны туралы жауап берді», — деді депутат.

«Бүгінде тарихи әділдікті орнататын күн жетті деп санаймыз. Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ақ жол» фракциясы алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып, 12 желтоқсанды тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш Республикасының құрылған күні ретінде, яғни «Алаш күні» деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрайды», — деді Берік Дүйсенбинов.

Фото: abai.kz