Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Қостанай облысы Қарабалық ауданына барды

0

Айта кету керек, бүгінде бұл ірі серіктестікке бірнеше кәсіп нысаны кіреді. Сонын бірі — «Терра» ЖШС мал бордақылау алаңы. 2011 жылы алғаш рет Аустралия елінің «Абердин – ангус» тұқымын әкеліп, ірі қара басын көбейтуді мақсат еткен еді. Кейінгі жылдары іргелі шаруашылық мал басын 8 мың басқа дейін жеткізіп, өткен жылы 20 мың мал басы көрсеткішін бағындырды. «Астық индустриясы» холдингінің басшылығы Мәжіліс депутаттарына жүзеге асқан жобалар мен бағындырған жетістіктері жайлы баян етті. Әсіресе, соңғы жылдары сәтті бастамалардың бірі асыл тұқымды мал басын көбейту ісі өрге домалап келеді.

— Ет кластерінің негізгі мақсаты – сиыр етінің көлемін одан әрі арттыру. Мысалы, 2018 жылы 101 мың мал басына шақталған мал бордақылау алаңын тұрғыздық. Бұл дегеніміз 2,5 мың тонна сиыр еті болса, оның жартысынан көбі Ресей және Өзбекстанға экспортталды, — дейді «Астық индустриясы» агрохолдингінің бас директоры Дәулет Ахметқалиев.     

Оның сөзінше, алдағы уақытта компания 5 мың тонна ет өндіріп, 2 мың тоннасын сыртқа жөнелтуді межелеп отыр. Шаруашылықта цифрлы технологиялар да кеңінен қолданылады. «Ақылды ет фермасы» өз тиімділігін көрсетіп, шығынды азайтуға мүмкіндік берді. Ірі қараға арналған арнайы азық беру жүйесі де құрастырылған.

— Тағы бір басымдық берілген экспорттық позиция – ет. Бүгінде Қазақстан 900 мың тоннадан астам ет өндіреді, осы бағыт бойынша үлкен экспорттық әлеуетке ие. Бүгінде барлық мал басы мен өнімділікті арттыруға еліміздің зор мүмкіндігі бар. Ал мал шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарының сыйымдылығына келер болсақ, ол елдің ішкі нарығында да, шекаралас мемлекеттер бойынша да жеткілікті. Осылайша, елдің агроөнеркәсіптік кешені үлкен әлеуетке ие болғандықтан, оның сыртқы нарықтағы даму келешегі зор. 2017-2027 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламада асыл тұқымды мал басын көбейтуге де ерекше ден қойылып отыр. Бір ғана жергілікті холдинг өзге ірі шаруашылықтарға үлгі бола алатындығын айтады, — деді Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов.

Холдингке қарасты «Терра» шаруашылығында  40 тан астам қызметкер бар. Мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидиялар да қарастырылған. Холдинг басшылығы болашақта  ет өндіру ісін дөңгелетіп, халықаралық деңгейге шығу жоспары бар екендігін айтты.

Ал халық қалаулылары мал шаруашылығы саласындағы кең көлемді жобаларға оң бағаларын берді. Алдағы уақытта ет өндірісі алға басып,  экономиканың негізгі тірегіне айналатындығына сенім білдірді.  

Дереккөз: http://egemen.kz/