Мажарстан операсы – саясат айнасы
Майкл КУПЕР, «Нью-Йорк Таймс» – Будапешт (Венгрия)
Бұл күндері мәдениет ордасы мемлекеттегі өнер тақырыбындағы пікірталастың орталығына айналды.
Опера театры қазір қарыштау кезеңінде. Мұндай қадам Премьер-министр Виктор Орбан басқарып отырған үкіметтің бастамасымен құйылған жүз миллиондаған инвестицияның арқасында жүзеге асуда. Ол өзі айтып жүрген «бейлибералды демократиясын» құрып жатыр. Сонымен бірге ол театрларды, опера театрлары мен концерт залдарын «ұлттың өнер қазынасына» балайды.
Қаражат Опера театрының қырғиқабақ соғыстан бергі алғашқы кешенді жөндеуі үшін бөлінді. 2019 жылы бітуі жоспарланған жаңа кешен үш жеке театрға бөлінеді.
«Біздің музыкалық мұрамыз әрқашан бай болған. Сондықтан оны дәріптеуіміз қажет», дейді Опера театрының бас директоры Сильвестер Оковак.
Мемлекетте оңшылдардың қарымы арта бастағанда Опера ордасы назарға ілінді. Консервативтердің газеттерінің бірі театр ұсынған «Билли Элиот» қойылымы жат нәрсені дәріптейді дегеннен кейін, орнына «Порджи мен Бесс» туындысы сахналанды.
Мажарстанның көрнекті классикалық музыканттары, әсіресе әлем сахнасына танылғандар қазіргі жағдайға көңілі толмайтынын жасырмады. Біртуар пианист Андраш Шифф туған жері Мажарстанда өнер көрсетпейді. Адам Фишер 2010 жылы Опера үйінің музыкалық директор міндетінен бас тартты. Оның ағасы Иван әйгілі «Будапешт фестиваль» оркестрінің басшысы – адам құқықтарын жақтаушы. Бірақ ағайындылар әлі де Мажарстанда өнер көрсетіп жүр.
Мистер Орбан өнерді ұлттың ерекшелігі дейді. Үкіметтің ресми сайты опера жұлдызы Пласидо Доминго Премьер-министрді қайта сайлануымен құттықтағанын хабарлады. Хабарламада опера жұлдызының үкімет басшысына «өнер мен мәдениеттің ұлы жақтаушысы» деп құрмет білдіргені айтылған.
Оның Фидес партиясы мәдениет саласындағы тағайындауларға көбірек көңіл бөліп, онға жуық театр басшыларын сайлады. Бұл тізімде мистер Оковак та бар.
«Бұл қай заманда да мемлекеттік опера театры болып қалады», дейді мистер Оковак. «Сондықтан мұнда ешқашан қысым жасалмады».
Мажарстан екінші опера үйін қайта ашты. Мемлекеттік опера ордасын басқаратын Эркель театрына қаржы аз кетеді. Келесі қыркүйекке дейін жөндеу жұмысы аяқталады деп жоспарланған. Үшінші театр ескі теміржол ғимаратының орнында салынып жатыр.
Мемлекеттік опера театры соңғы жылдары басқа театрларға қарағанда көп қойылым сахналады. Пуччини фестивалі осы маусымның ең жақсы туындыларын қайта ұсынбақ. Олардың қатарында әйгілі «Эдгар» да бар.
Белгілі сыншы Джон Элисон мамырда жүз жылдық мерейтойға арналған «Көк сақал қамалы» қойылымын Опера журналында мақтады. «Ешқандай оркестр музыканы дәл бұлай көркем орындаған емес», деді ол.
Мемлекеттік опера театрында маңызды көп қойылым сахналанады. Мәселен, үйсіз адамдардың қонысын іздеу жөніндегі «Порджи мен Бесс» қойылымы 2015 жылы Будапештің пойыз стансасын басып алған босқындарды, мистер Орбанның иммиграцияға қатысты саясатын еске салды.
Бұдан кейін үкіметті жақтаушы «Мадияр Идок» газетінің София Хорват атты колумнисі «Билли Элиот» қойылымын сынаған соң компания 15 қойылымды бағдарламадан алып тастады.
«Өмірде болуы мүмкін құбылыстарды сахналауымыз оны дәріптеу дегенді білдірмейді» деп жауап береді мистер Оковак.
Жазда пікірталас тыйылғанда мистер Оковак келесі жылғы опера маусымының тақырыбын жариялады. Бұл жолы оңшыл басылымның сынына ұшырамайтын христиандық тақырыбы таңдалыпты.
Мақаланы аударған Светлана Ғалымжанқызы,
«Егемен Қазақстан»