«Мазағы әлі күнге дейін құлағымда»: тележүргізуші Дина Төлепберген алғаш рет күйеуін көрсетті (фото)

Танымал тележурналист және продюсер Дина Төлепберген алғаш рет жұбайының фотосын жариялап, ер мен әйелдің қарым-қатынасы туралы ойын бөлісті.
Ол 2010 жылы болашақ күйеуінің көлігінің есігін ашып тұрғанын көрген әріптестерінің мазағы әлі күнге дейін есінде екенін айтты. Дина ер адамның әйелге көрсететін қарапайым құрметін кейбір адамдардың мазаққа айналдыратынын атап өтті.
“Ол саған есік ашып жүр ме, сонда?! Әріптестерімнің осы бір мазағы әлі күнге дейін құлағымда. Олар менің болашақ жұбайымның жұмыс алдына келіп, көлігінің есігін ашып тұрғанын көрген екен. Әлдеқайдан бір әңгіме естіп алғандай, мысқылмен күлкісін жасыра алмай отыр. Бұл 2010 жыл еді… Қазір 2025. Он бес жыл өте шығыпты, бірақ таңғалатыным – ештеңе өзгермеген. Әйелге есік ашу, пальтосын киюге көмектесу, жаңбыр жауса қолшатырды ұстау, шотты төлеу – осылардың бәрі әлі бітпейтін тақырып. Ең қызығы – еркектің қарапайым құрметін кей “данышпандар” мазаққа айналдырады”, – деп жазды журналист.
Сондай-ақ, Дина Төлепберген қазіргі уақытта «Менің ақиқатым» атты кітабын жазып жатқанын хабарлады. Ол кітапта өз ойлары мен журналистік зерттеулерін бөлісіп, екі адамның арасындағы сезімнің тереңдігіне тоқталмақ.