Маусымнан бастап қазақстандықтардың зейнетақысы мен жәрдемақы өседі

0
105

Маусымнан бастап қазақстандықтар жоғарылатылған зейнетақы мен жәрдемақы ала бастайды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына» сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылдың 12 мамырында қабылданған «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы шеңберінде 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап инфляцияның 2022 жылға арналған дәлізін қайта қарауды ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін ынтымақты зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері қосымша 4 пайызға индекстелді, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері 4 пайызға артты.

Заңға сәйкес 1 сәуірден бастап:

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 3 180 теңге мөлшерінде;
Ең төменгі зейнетақы — 48 032 теңге;
Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) — 37 389 теңге;
Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 20 191 теңге.

Маусым айынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы алушылар ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айларының қосымша ақысын ескере отырып, төлемдерді жоғары мөлшерде алатын болады.

Жоғарылайтын төлемдердің жалпы саны 6,6 миллионға жетті. Зейнетақы мен жәрдемақылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында индекстелді.