маусымнан бастап 1 миллион қазақстандықтың жалақысы өседі

0
59

Айлығы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылдың 1 маусымынан бастап өседі

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Ол бұл туралы Twitter парақшасында хабарлады.

«2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойдым», – деп жазады мемлекет басшысы.

Тоқаев құжатты әзірлеген үкіметке және маңызды өзгертулерді жылдам қарап, қабылдаған парламент депутаттарына алғысын жеткізді.

Президент биыл 1 маусымнан бастап бір миллионнан астам қазақстандықтың жалақысы өсетінін хабарлады.

«Енді 1 миллионнан астам айлығы төмен ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылдың 1 маусымынан бастап өсетін болады», – деп жазды ол жеке парақшасында.

Еске сала кетсек, Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30%-ке, аудандық және облыстық деңгейлерде тікелей халықпен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 25%-ке өсіруді тапсырған болатын.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап көтеру туралы тапсырма берген еді.



sputniknews.kz