Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздік күнін айрықша атап өтуді ұсынды

0

Бұл туралы пікірін М.Әшімбаев өзінің Facebook желісіндегі парақшасында бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, Тәуелсіздік күні елдігіміздің бойтұмарына айналып, халқымыз үшін қастерлі әрі қасиетті мерекеге айналды.

«Азаттықтың арқасында әлемдік қауымдастыққа етене еніп, оның толық мүшесі атандық. Ешкімге жалтақтамай, ертеңімізді өзіміз бағамдайтын, саясатымызды ұлттық мүддеге сай жүргізетін деңгейге жеттік.

Елбасымыздың дана басшылығымен тәуелсіздік жылдарында ел дамуының жаңа экономикалық және саяси негізі қалыптасты. Халықтың әл-ауқаты мен әлемдік деңгейдегі абырой-беделіміз де айтарлықтай арта түсті. Сондықтан Тәуелсіздік күнін атап өтуде Отанға деген махаббаттың жарқын үлгісін көрсету әр қазақстандықтың азаматтық борышы болуы тиіс. Ол үшін мемлекеттік деңгейдегі мерекелік іс-шаралармен шектелмей, әр адам тәуелсіздік мейрамын тойлауға аз да болса өз үлесін қосуға тырысуы қажет», дейді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды және халыққа қызмет көрсетіп отырған жеке ұйымдарды Тәуелсіздік күнін нағыз елдіктің, егемендіктің мерекесі ретінде атап өтуге шақырды.

«Мереке күндері сөрелер мемлекеттік рәміздердің түсімен безендіріліп, қызметкерлер ұлттық нақышқа сай киімдер кисе, сауда орындарында арнайы акциялар мен жеңілдіктер сияқты бірегей бастамалар қолға алынса мерекенің маңызы мен мәні одан әрі арта түсетіні анық.

Қалай десек те, бұл күндері әр қазақстандық мерекелік көңіл-күйге бөленіп, барлық қоғамдық орындарда тәуелсіздіктің мәні мен маңызы айқын сезіліп тұруы тиіс. Сол кезде біз ата-бабамыз аңсаған азаттықтың бағасын пайымдап, жаңа Қазақстан тарихындағы ең ұлық күнге деген құрметімізді көрсетер едік.

Егер осы бастамаға бәріміз бір кісідей атсалысып, өз үлесімізді қоссақ, Тәуелсіздік күнінің шын мәнінде жалпыұлттық және әр қазақстандықтың асыға күтетін ең басты мерекесіне айналатынына кәміл сенемін», деді М.Әшімбаев Facebook желісіндегі парақшасында.