Мәулен Әшімбаев: Бүгін — жеңіс пен жетістіктер мерекесі
Жалпы қазіргідей жаһанды тұрақсыздықтың жалыны шарпыған шақта өткеннен өнеге ала отырып, шаттыққа кенелуді үлкен бақыт деп есептеймін. Себебі, бүгінде мерекелеу тұрмақ, ертеңгі күнге деген үмітінен күдігі басым елдер мен халықтар бар. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының елдік мүдде жолындағы ерлік істерін насихаттап, келер ұрпаққа дәріптеудің берері мол. Өйткені, ешбір әсірелеусіз, Мемлекет басшысының елге сіңірген еселі еңбегінің ауқымы өте кең. Оны түсініп, түйсіну үшін егемендігіміздің елең-алаң шағынан, тіпті алғашқы күнінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолымызды ой сүзгісінен бір өткізіп алғанның да артықтығы жоқ.
Қазір біз Қазақстанды қарыштап дамыған, әлемге әмірін жүргізіп отырған алпауыт елдердің өзі санасатын, солармен терезесі тең жағдайда пікірлесіп, өз сөзін еркін айта алатын, өзінің даму бағыты мен жүрер жолын нақтылап, содан жаңылмай алға қадам басып келе жатқан мемлекет деп ауыз толтырып айтамыз. Ал осындай биікке біз қалай көтерілдік? Бүгінгі деңгейге жету үшін Қазақстан қандай кедергілерді еңсеріп, қандай жолдан өтті?
Ол үшін алдымен Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте қандай еді деген сауалға жауап іздеген жөн шығар. Біздің дербес ел атанып, еншімізді алып шыққан кезде еңсемізді тіктеу тұрмақ, іргемізді бекітетіндей де шамамыз болмағаны белгілі. Дәл сол кезде әлем Қазақстанды экономикасына қан жүгіртіп тұрған күре тамырлардың бәрі шетінен үзіліп, әбден тұралаған, болашағы бұлыңғыр, шикізатқа бай болғанымен не жөнді кәсіпорны жоқ, барының өзі қаңырап бос қалған, соның салдарынан жұмыссыздық жайлаған ел ретінде таныды. Сөйте тұра, бәрі бізден үрейленіп, үрке қарағаны да жасырын емес. Өйткені ол кезде Қазақстанның қолында Кеңес Одағынан мұра болып қалған уын шашқан аждаһадай қабылданатын жаппай қырып-жою қаруы мен ядролық сынақ алаңы бар еді. Халқын әділетті, еркін, зайырлы әрі демократиялық жолмен дамыған, айналасын үркітіп емес, өзінің терең ғылым-білімімен баурап алатын қоғамға жетелеген Елбасы осы қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жапты. Бұл – Мемлекет басшысының бүгінгі жетістік жолындағы ең басты әрі аса маңызды қадамдарының бірі екені сөзсіз.
Мемлекет болғасын оның шекарасы, сол шекараны күзететін айбынды әскері болады. Біз тәуелсіздік алған шақта бұл мәселе, әсіресе шекара дауы ұзақ жылдарға жалғасатын келіссөздер мен кездесулерді қажет етіп тұрды. Өйткені біз көлеңкесінің өзінен әлем ығатын алып мемлекеттер – Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан елміз. Соған қарамастан Елбасымыз әр істе ақылға салып, парасатпен пайымдап, ата-бабамыздан мирас болған ұлан-байтақ жерімізді сақтап, аталған екі елмен және оңтүстіктегі көрші мемлекеттермен шекара мәселесін шешіп, шегендеп, іргемізді біржола тас-түйін етіп бекітіп алды. Тіпті талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің реттеліп, арнайы Конвенцияға қол қойылуының өзі Қазақстан Президентінің ұйытқысымен жүзеге асырылған іс екені даусыз. Бұны Елбасымыздың елдік жолындағы кезекті маңызды қадамы деп қабылдаймыз.
Тағы бір ерекше атап өтуді қажет ететін дүние – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Әлемде баламасы жоқ бұл институтты бүгінде дүниежүзі мойындайды. Тіпті бүкіл әлемді қамтитын осындай құрылымның қажет екені де талай мәрте айтылды. Өйткені ұлтаралық қақтығыс дәл қазіргі шақта ең өзекті әрі ушыққан дау-дамайдың бірі саналып отыр. Сондықтан Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ бұл мәселені біржақты қылып, елімізде тұратын 130-дан астам ұлт өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыратын аталған Ассамблеяны құрды. Сол арқылы бірлік пен берекенің негізін қалап, Қазақстанның бейбітшіліктің алтын бесігі ретінде танылуына жол ашты. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың өрлеу жолындағы тағы бір стратегиялық қадамы болды.
Елбасының дәл осындай аса маңызды бастамалары елімізді алға жетелеп, әлемнің Қазақстанға деген сенімін күшейтті. Бұл өз кезегінде алпауыт мемлекеттер мен ірі компаниялардың біздің елге инвестиция салуына тікелей мұрындық болды. Соның арқасында Қазақстан алға қойған мақсаттарына жүйелі түрде қол жеткізіп, экономикасын ғана емес, саяси және рухани әлеуетін де айтарлықтай арттырды. Нәтижесінде Елбасы азаттығымыздың символы ғана емес, айбары мен айбыны, ажары мен айнасындай болған әсем де сұлу Астананы салды. Әлемнің ең озық университеттеріне жас қазақстандықтарды жіберіп, сапалы білім алуына жағдай жасады және сондай оқу орындарының өз елімізде де ашылуына мүмкіндік туғызды. Сол сияқты медицина, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, бизнес және тағы басқа да салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық.
Осылайша Мемлекет басшысының ерен еңбегінің арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып қана қоймай, халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерге қатысты өз пікірін еркін білдіретін, күрмеуі қиын түйткілдердің оңтайлы шешілуіне тікелей ықпал ететін, бәсекеге қабілетті, дамыған елге айналды. Оған Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жемісті төрағалық етуі айқын дәлел. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін, ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін, Діндер көшбасшыларының съездерін және Қысқы Универсиада ойындарын сәтті өткізуіміз де Елбасымыздың тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктету жолындағы табандылығы мен қажыр-қайратының жемісі. Мемлекет басшысының бастамасымен Сирия бойынша Астана процесінің өтуі де Қазақстанды бейбітсүйгіштігімен қатар бітімгершілік қырынан да таныта түсті.
Сонымен бірге бүгінде Қазақстан әлемге қаржы және инновациялық орталық ретінде де танылып келеді. Оған «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Astana Hub стартаптар технопаркінің ашылуы дәлел.
Біз бұл жетістіктерге Елбасы саясатының арқасында небәрі 27 жылдың ішінде қол жеткіздік. Енді алдымызда жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Оның ең бастысы – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу. Елбасы осы жолдағы басым бағыттарымызды да айқындап, Қазақстанның Үшінші жаңғыруын бастап берді. Соның арқасында еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани жаңғыруы қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық құндылықтарымызға ерекше мән беріліп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Мұның барлығы бүгінгі жаһандану жағдайындағы жаңа сын-қатерлерге берілген лайықты жауап.
Мінеки, Қазақстан Мемлекет басшысының дана саясатымен осындай орасан зор биіктерді бағындырды. Сондықтан Тұңғыш Президент күнін Елбасымыздың мемлекеттігімізді қалыптастырып, тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы ерен еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет деп қабылдауымыз керек. Ал Елбасына құрмет – тәуелсіздігімізге жасалған құрмет.
Сондай-ақ аталған мереке Елбасы саясатының негізіндегі бірлік, тұрақтылық, бәсекеге қабілеттілік сияқты құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Сол себепті бұл күнді елдің бірлігін бекітіп, ортақ мақсаттарға ұйыстыратын, халықты Елбасы саясатын жүзеге асыруға жұмылдыратын және тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайта түсетін идеологиялық маңызға ие жалпыұлттық мереке деп айтуға толық негіз бар.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары