Мәулен Әшімбаев ауыл еңбеккерлерімен кездесті

0
80

Жалпы ауыл шаруашылы­ғының еліміздің экономикасында алар орны ерекше. Сол себепті де Елбасы бұл саланы ұдайы басты назарда ұстап, оның жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап келеді. Биылғы Жол­дауында да Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыруды, соның ішінде еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді және алдағы үш жыл ішінде аталған саланы дамытуға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Осы мақсаттардың нәтижелі жүзеге асырылуына «Нұр Отан» партиясы да тікелей мүдделі.

Ақмол ауылына арнайы келген Мәулен Әшімбаев «Шаңырақ» басқарушы компаниясына қарасты жұ­мырт­қа қорабын дайындайтын цехтың, құс етін өндіретін зауыттың және шұжық шы­ға­ратын кәсіпорынның жұмы­сымен танысты. Бұл өндіріс ошақтарының барлығы да заман талаптарына сай жаңа, цифрлы технологиялар­мен жаб­д­ықталып, табиғи та­за, са­палы өнім шығарып отыр. Кәсіпорынның өнім­дері Астана қаласы және Ақ­­мола облысымен бірге Ақ­төбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақ­стан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларына жет­кізіледі. Тіпті алыс-жақын шетелдерге де экспорталатынын атап өткен жөн.

«Нұр Отан» партияс­ы Төр­­аға­­сының бірінші орын­­басары кәсіпорын қыз­мет­керлері­мен кездесіп, оларды ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құт­тықтады. Сондай-ақ ол Жол­дауда айтылған ауыл шаруа­шылығын дамытуға қатысты басымдықтардың маңызына тоқталып өтті.

Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары осындай игі істерді жүзеге асыруда партия фи­лиал­дары мен бастауыш ұйым­дары белсенді жұмыс істейтінін жеткізді.

– Елбасының сенімді тірегі және еліміздің жетек­ші саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы ауыл ша­руа­шыл­ығын қолдауға бағыт­тал­ған барлық бастаманы жү­зеге асыруға атсалысып, осы саладағы жұмыстарды қо­ғам­дық бақылауға алады. Осылайша нұротандықтар Президентіміздің барлық стратегиялық бағдарламасын орын­дауға өз үлестерін қоса­ды, – деді Мәулен Әшімбаев.

«Шаңырақ» серіктестігі – тауық еті, шұжық және жұ­мырт­­қа өнді­рісі бойынша елі­міздегі алдыңғы қатарлы өндіріс ошақ­тарының бірі. Кәсіпорын басшысы Денис Плужниктің айтуынша, мекеме Астана қаласын құс еті өнімдерімен қамтуда маңыз­ды рөл атқарып отыр. Тіпті елор­дамыздағы құс еті­нен тағам дайындайтын әлемге әйгілі асхананың өзі осы «Шаңырақтың» өнім­дерін тұтынады екен.

Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары Мәулен Әшім­баев компанияның белсенді қыз­мет­керлеріне партия атынан алғыс білдіріп, арнайы марапаттады.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»