Мәслихатта Нұр-Сұлтанға жақын елді мекендерді дамыту мәселесі көтерілді

0

Нұр-Сұлтанға жақын елді мекендерді дамыту мәселесіне назар аударған жөн. Себебі Қазақстанның бас қаласы дамып, аумағы кеңейіп келеді, дейді Шекенов

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссиясының тұрақты төрағасы Мирас Шекенов елорданы дамыту стратегиясына агломерация мәселесін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 57-ші кезектен тыс сессиясы отырысында қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайрат Маңқараев 2050 жылға дейінгі елорданы дамытудың стратегиясы жайлы баяндады.

Осы орайда, Мирас Шекенов бұл құжатта бір мәселе енгізілмей қалғанын айтып, оған назар аудару қажеттігін атап өтті.

Тағы оқыңыз: «Тоқаев бізді көре ме?»: астананың қақ ортасындағы «ауылдың» өмірі — фото

«Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала маңында агломерацияны дамыту мәселесін көтерді. Жалпы, қалалық агломерация Ақмола облысының жерлерімен шектесетіні белгілі. Қазірден бастап қаласақ та, қаламасақ та, қаланың стратегиялық жоспарына агломерацияны дамыту туралы түзетулер енгізу қажет», — деді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссиясының тұрақты төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінде елорда аумағы кеңейіп, дамып келеді.

«Қалаға жақын орналасқан Қосшы, ескі Ильинка, Көк-Төбе елді мекендері қаланың орбитасында тұр ғой. Ондағы адамдар осында келіп, жұмыс істеп жатыр. Сондықтан президенттің тапсырмасына сәйкес бүгіннен бастап агломерация мәселесіне назар аудару қажет», — деді Мирас Шекенов.

Қалалық мәслихат депутаттары бұл мәселенің өзекті екенін атап өтіп, алдағы уақытта оған назар аударылатынын жеткізді.



sputniknews.kz