Мәскеуде Тоқаев пен Путин кездеседі

0

3 сәуірде Мәскеуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин кездеседі. Тоқаевтың шетелге сапары кезінде бірқатар құжатқа қол қойылады деп хабарлады мемлекеттік «Хабар» арнасы.

Қазақстан президентінің әкімшілігі Азаттыққа екі ел басшыларының кездесуі туралы толық ақпарат берген жоқ.

Кездесу болатынын 28 наурызда хабарлаған Ақорда сайты «екі президент кездесуінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты серіктестік мәселелерін, сондай-ақ аумақтық және халықаралық өзекті тақырыптарды талқылайды» деп жазған.

Кремльдің баспасөз қызметі жоспарланған кездесу жайлы хабарламасында «президенттер екі ел қатынасының негізгі тұстарын, Еуразия кеңістігінде интеграция процесін жүргізу жоспарын қарап, өңірдегі кейбір маңызды мәселелер талқылайды» деп жазды.

Бұл – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне кіріскелі шетелге алғаш сапарлауы.

Мәскеуде жоғары білім алған, бұрындары сенат төрағасы, премьер-министр және сыртқы істер министрі болған 65 жастағы Тоқаев 20 наурызда – елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң президент қызметіне кіріскен. Сенат спикері болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.

Тоқаевтың Ресейге сапары алдында оның мемлекеттік басылымдарға берген сұхбаты шықты. Онда президент «Назарбаев тəуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді» деп, өзінің де «президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы осы бағыттан ауытқымайтынын» айтады.

Azattyq