Мәскеуде қазақ мәдениеті қоғамының басшысы ұсталды
Оған «бюджет қаражатын жымқырды» деген айып тағылып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Мәскеу қаласының тергеушілері қазақ мәдениеті қоғамының басшысы Ерназар Нұриевтің ісін сотқа жолдады. Оған «бюджет қаражатын жымқырды» деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды НТВ арнасы.
Осыдан үш жыл бұрын Мәскеуде «Алтын күз» фестивалі өткен болатын. Тергеу материалдарына сәйкес, жергілікті бюджеттен осы шараға 2 миллион рубль (11 560 000 теңге — Sputnik Қазақстан) бөлінді. Алайда тексеріс кезінде бюджет қаражатының толығымен игерілмегені анықталды. Келісімшарт бойынша байқау финалистері қонақүйде қоныстануы тиіс еді. Олардың біреуі де қонақүйге бармады. Бірақ ақшасы төленіп қойды деген есеп-қисап бар.
Тағы оқыңыз: Қомақты қаражат қымқырған шенеуніктің бастығы отставкаға кетті
Жалпы, Нұриев 400 000 рубль (2 320 000 теңге — Sputnik Қазақстан) жымқырды деген күдікке ілінді. Оны ұстау кезінде пәтерін бұзып кәріге тура келді. Себебі құқық қорғаушылар мен арнайы жасақ қызметкерлеріне есік ашпады. Үйде ақша табылмады. Дегенмен, қажетті айғақ бар. Әзірше, тергеушілер Нұриевтің бір қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдеді. Оның өзі де кінәсін мойындап отыр.
Қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін қазақ мәдениеті қоғамының басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
sputniknews.kz