Мәскеуде қазақ киносының апталығы басталды
Сегіз қазақстандық фильм мәскеулік көрерменге ұсынылады. Олардың арасында прокатта бір айдың ішінде 1,2 миллион доллар жинаған «Томирис» тарихи фильмі де бар
НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша — Sputnik. Мәскеуде қазақс киносының апталығы «Шыңырау» фильмімен ашылды. Туынды Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев романының желісі бойынша түсірілген. Кино апталығы жазушының 80 жылдық мерейтойына арналады, деп хабарлады Ресейдегі Қазақстан елшілігі.
©
Sputnik /
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов
«Ол кісі еліміздің әдеби мұрасына ғана үлес қосып қойған жоқ. Рухани дамудың бағыт-бағдарын көрсеткен ойшыл», — деді Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов.
«Шыңырау»
«Шыңырау» фильмінің (режиссері Жаңабек Жетіруов) сюжеті бойынша құдық қазушы Еңсеп пен ұлы Жомарттың шиеленіскен қарым-қатынасы суреттеледі. Картинада екі жасөспірімнің арасындағы махаббат туралы да баяндалады.
«Маңғыстау (Әбіш Кекілбаевтың туған жері — Sputnik) – ерекше, сусыз өңір. Каспий теңізінің суы тұзды екенін білесіздер. Ал көшпенділерге тұщы су керек болды. Сондықтан құдық қазушы кәсібі сұраныста еді. Мұны түсіну қиын», — деді Тасмағамбетов.
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев
Режиссер фильмді екі жыл бұрын түсірген. Оған дейін үш жыл бойы Әбіш Кекілбаевпен ақылдасқан. Жазушы туындыға өзінің батасын беріп үлгерді. Алайда картинаның экранға шыққан сәтін көре алмады. Жиналғандар жұмыс нәтижесіне жазушының көңілі толар еді деген ойын айтты.
Қарашаның 18-і мен 23-і аралығында Мәскеуде өтетін Қазақстан киносы күндері шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Шыңырау», «Томирис», «Анаға апарар жол» және «Әміре» фильмдері көрсетіледі. Ал Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі осы мерекенің жабылуында көрермен назарына ұсынылады.
Қазақстан киносы күндерін РФ мәдениет министрлігі, «Кино планетасы» компаниясы, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі және «Қазақфильм» АҚ ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
sputniknews.kz