Мәскеуде наразылық білдірген ондаған адам қамалды

0

Мәскеу соты 29 шілдеде 41 адамды үш тәуліктен 15 тәулікке дейін қамау туралы шешім шығарды. Оларға рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысты деген айып тағылды. Жазаға тартылғандар Мәскеу қалалық думасы сайлауына тәуелсіз кандидаттардың тіркелмеуіне қарсы болып, 27 шілдеде наразылық акциясына шыққан.

«ОВД-Инфо» тәуелсіз бақылаушы тобының хабарлауынша, соттар әлі де жалғасып жатқандықтан қамауға алынғандар саны өсуі мүмкін. Топтың мәліметінше, 30 шілдеге қараған түнге дейін 79 адамға жалпы сомасы 1,34 миллион рубльдің (21 мың доллар) айыппұлы салынған.

29 шілдеде Мәскеу соты сайлауға тіркеле алмаған Красносельск ауданы депутаттары кеңесінің жетекшісі Илья Яшинді он тәулікке қамау туралы қаулы шығарған. Сот оны қоғамдық шараны ұйымдастыру шартын бұзғаны үшін айыпты деп таныған. Дәл осындай айыппен тіркеле алмаған тәуелсіз кандидат Константин Янкаускас та жеті тәулікке қамалған.

Белсенді Валерий Родин рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін 12 тәулікке қамауға алынған. Бақылаушылардың хабарлауынша, 27 шілдеде полиция наразылыққа шыққан 1300-ден аса адамды ұстаған.

Azattyq