Мәскеуде ФСБ ғимаратының жанында белгісіз біреу оқ атты

0

19 желтоқсан кешке қарай Мәскеуде белгісіз ер адам Кузнец көпірі маңындағы Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимаратының маңында оқ атқан. ФСБ ТАСС ақпарат агенттігіне шабуыл жасаған адамның қаза тапқанын хабарлаған.

Куәгерлер оқ атылған дыбыс пен адамдардың айқайын естігенін айтады.

Куәгерлердің сөзінше, жараланғандар бар. Тағы бір дереккөздер «қауіпсіздік қызметінің екі өкілі жараланып, Ішкі істер министрлігінің бір қызметкері қаза тапты» деп жазды. Бірақ ресми ақпарат жоқ.

Тwitter желісіндегі @masharusssia аккаунтының иесі «Кузнец көпірі маңында кафеде отырмыз, қарсы бетте атыс басталды. Көшеде көліктер тоқтап тұр. Полиция автоматпен жүр» деп жазды.

Москва ақпарат агенттігінің дерегінше, оқ Үлкен Лубянка көшесінде ФСБ ғимаратының қасындағы ғимаратта атылған. Басылым дереккөзінің айтуынша, шабуыл жасаған күдікті қаза тапқан.

Агенттікке «Атыс Үлкен Лубянка көшесіндегі №12 үйде болып жатыр» деген ақпарат түскен. Ал РБК телеарнасына ІІМ Мәскеу қалалық басқармасындағы дереккөз «атыс Воровской алаңында болған» деп хабарлаған.

Лубянкамен жапсарлас көшелер жабылған. Қалада «Сирена» жоспары іске қосылған.

19 желтоқсан Ресейде қауіпсіздік орган қызметкерлері күні аталып өтеді. Оқ атылған сәтте Ресей президенті Владимир Путин арнайы қызмет өкілдеріне арналған концертте отырған және «барлау қызметінің жұмысын күшейтуге» шақырған.

Azattyq