Мәскеуде бейбіт шеруге қатысқандарды полиция ұстады

0

Мәскеуде жексенбі, 14 шілдеде Мәскеу қалалық думасының сайлауына (сайлау қыркүйекте өтуі тиіс) түспек болған тәуелсіз үміткерлерді қолдаған акция өтті. Полиция акцияға қатысушыларды тарату кезінде күш қолданды. Кейбір адамдар өздерін полиция ұрып-соққанын мәлімдеді.

Ұсталғандар арасында коррупциямен күрес қорының заңгері Любовь Соболь да болған. «Лужники» ішкі істер бөлімнен шыққан оны көп ұзамай полиция қайта ұстады. Собольге белсенділердің бірі Алексей Миняйло араша тұспек болып еді, оны да полиция алып кетті.

Осы күні ұсталғандар үш полиция учаскісіне — «Хамовники», «Южное Тушино» және «Лужникиге» жеткізілген. «ОВД-Инфо» ақпаратына қарағанда 38 адам ұсталған.

Ұсталғандардың журналистерге хабарлауынша, полицейлер оларды соққыға жыққан, басы мен ішінен ұрып, шашынан сүйреген. «Протестный Кузбасс» қозғалысының үйлестірушісі Мила Земцова ұсталғандардың бірін автозакта соққыға жығылған видеосын жариялады.

Бұған дейін,13 шілдеде Мәскеу қалалық сайлау комиссиясы 43 сайлау округіндегі өзін өзі ұсынған депутаттыққа үміткерлерді тіркемей қойған. Коррупциямен күрес қорының заңгері Любовь Соболь өзін қолдаушылардың 15 пайыз қолын сайлау комиссиясы жарамсыз деп танығанын хабарлаған.

Бұдан кейін Мәскеу қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Валентин Горбунов Любовь Собольді сайлау комиссиясына қысым жасады деп айыптады. 43 округ бойынша кандидат статусына үміткерлер арасында «Яблоко» саяси комитетінің мүшесі Сергей Митрохин, актер Андрей Соловьев, Ресей футбол құрамасының бұрынғы ойыншысы Дмитрий Булыкин және «Коррозия металла» рок-тобының жетекшісі Сергей «Паук» Троицкийлер болған.

Аяғында Мәскеудің 43 сайлау округы бойынша тек үш үміткер тіркелді. Олар — коммунистер, либерал-демократтар және «Справедливая Россия» партияларының мүшелері. Заң бойынша оларға қол жинаудың қажеті жоқ.



Azattyq