Мәскеу үшін маңызды белгі: АҚШ туралы қатаң мәлімдеме жасаған Қытай Ресейді «өзінің басты серіктесі» деп атады
Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин мене сыртқы істер министрі Цинь Ган АҚШ туралы қатаң мәлімдеме жасады. Сонымен қатар Украинадағы соғыс басталғалы бері алғаш рет Ресейді «өзінің басты серіктесі» деп атады деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Сарапшылардың пікірінше, Қытай дәл осылай халықаралық саясаттағы болашаққа арналған жоспарымен бөліскен.
7 наурызда Компартия съезінде сөз сөйлеген Си Цзиньпин АҚШ-ты «Қытайды жаншып, қоршауға алғысы келеді» деп айыптады.
«АҚШ бастаған батыс елдері бізге қарсы жан-жақты қысым көрсету, жаншу және қоршау әрекеттерін іске асырып отыр», – деді Си Цзиньпин.
Сарапшылар Қытай басшысының өз сөзінде АҚШ-ты тікелей атамайтынын айтады. Бұл үшін Батыс елдеріне бағытталған жалпылама сөздерді қолданып келген екен.
Съезд аяқталған соң Қытайдың сыртқы істер министрі Цинь Ган АҚШ туралы қатаң мәлімдеме жасады.
«Егер АҚШ тоқтамай, әрі қарай дұрыс емес бағытпен жүрсе, ешқандай қоршау вагондардың рельстен шығып кетуінің алдын ала алмайды. Текетірес міндетті түрде орын алады», – деді Ган.
Осылайша министр АҚШ-тың Қытай мен Тайвань арасындағы мәселеге араласуына меңзеген көрінеді. Бұған дейін Америка Қытай тарапынан Тайвантның егемендігіне қол сұғылса, аралды қорғауға уәде берген еді.
Қазір қос держава арасындағы мәселенің ушыққаны сонша, Тайвань басшысы Цай Инвэнь Конгресс спикері Кевин Маккартиден өзін Вашингтонда қабылдауын сұраған. Себебі АҚШ өкілі Тайваньға келуді жоспарлаған еді. Қазір Тайвань америкалық саясаткердің аралға келуі әскери қақтығысқа алып келе ме деп қорқады.
АҚШ жауабы
Пекиннің қатаң мәлімдемесіне жауап берген Вашингтон жағдайды тұрақтандыруға тырысты.
«Біз Қытаймен стратегиялық бәсекенің болғанын қалаймыз. Қақтығыс болмайды. Қытаймен бәсекеде жеңіске жеткіміз келеді. Қарым-қатынасты дәл осы деңгейде сақтап қалуды қалаймыз», – деді Ақ үй Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникация бойынша координаторы Джон Кирби.
Тайвань мәселесі туралы пікір білдірген Кирби АҚШ-тың Қытай позициясын қолдайтынын және статус-квоны өзгерткісі келмейтінін мәлімдеді.
Сонымен қатар Ақ үй өкілі Қытайдан Ресейге қолдау көрсетпеуді сұрады. АҚШ билігінің ақпанда ұсынған мәліметіне сәйкес Қытай Украинада соғысып жатқан Ресей әскеріне қару мен оқ-дәрі беруі мүмкін.
Жағдайдың ушығуы
Қытай мен АҚШ арасындағы текетірес әлемді уайымдатып отыр. Себебі қазір қос мемлекет тек Тайвань мәселесінде ғана емес, Украинадағы жағдай, киберқауіпсіздік және технология саласындағы көшбасшылық мәселелерінде де татуласа алмай келеді.
Ал Вашингтон Қытай тарапынан «ұлттық қауіпсіздікке қатер төнуі мүмкін» деп санайды. Сондықтан қытайлық компанияларға санкция енгізу, экспортты бақылау арқылы оның әлемге ықпалын төмендеткісі келеді.
Мәскеу үшін маңызды белгі
Өз сөзінде Цинь Ган Украинадағы қақтығыс туралы айтып, Вашингтонды «қос стандартты ұстанады» деп айыптады.
«Тайваньның егемендігі мен тұтастығын құрметтемей тұрып, Украинаның аумақтық тұтастығын сақтау туралы жар салып, мәлімдеме жасаудың не керегі бар? Тайваньға қару сата отырып, неге Қытайдан Ресейге қару-жарақ бермеуді сұрайды?» – деді ол.
Сонымен қатар Ган Қытайдың Ресеймен серіктестігін жоғары бағалап, екі держава арасында «сенім жолы салынғанын» және халықаралық серіктестіктің моделі жасалғанын айтты.
«Қытай мен Ресей біріккенде, көпжақты әлем мен демократиялы халықаралық жүйеде қарқын пайда болды, ал ғаламдық стратегиялық баланс пен тұрақтылыққа кепілдік берілді. Әлемде жағдай тұрақсыздана түссе, Қытай мен Ресейдің байланысы соншалықты берік болуы шарт», – деді қытайлық дипломат.
Мәскеу үшін достық туралы мұндай мәлімдеме маңызды белгілі болуы мүмкін. Кремль Қытайдың соғысты қолдауын бұрыннан асыға күткен. Әскери көмек сұрағанымен, Пекин әлі де нақты шешім қабылдамай отыр.