Мәскеу тобы соғыста қаза болған қазақстандықтың туыстарын іздеп жатыр

0

«Обелиск» іздестіру тобы қаза тапқан жауынгердің қайда жерленгенін хабарлау үшін оның туыстарына іздеу салды

АЛМАТЫ, 18 сәуір – Sputnik. Ресейлік «Обелиск» іздестіру тобы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгер Кибулла Надралимовтың туыстарын іздестіруде.  

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында мәскеулік «Обелиск» іздестіру тобы Sputnik Қазақстан редакциясына өтініш жасады. Олар қайтыс болған қазақстандық сарбаздың туыстарын іздестіріп жатыр.

Отряд еріктісі Роза Фаттахованың айтуынша, Киббулла Надралимов немесе Кабдула Надралин 1924 жылы туған.

Соғысқа дейін Қазақ АКСР-ге қарасты Ақтөбе облысының Жұрын ауданындағы Мұғалжар стансасында өмір сүрген. Әкесі: Надралимов Кинаб.  

1942 жылы 8 тамызда Ақтөбе облысындағы Жұрын аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер атағын алды.

Кибулла Надралимов алған жарақатынан 1943 жылы 24 тамызда № 4864 эвакогоспиталінде қаза болды.


©
Photo : Поисковой отряд «Обелиск»

Кибулла Надралимовтың қаза болғаны туралы жазба

Алғашында ол Смоленск облысы Угранск ауданының Крутая ауылындағы бауырластар қабіріне жерленді.

2011 жылы мәскеулік «Обелиск» іздеу тобы Михаил Поляковтың басшылығымен қазақстандықтың сүйегін көтерді.

2012 жылы Кибулла Надралимовтың сүйегі Смоленск облысы, Угран ауданы, Знаменка ауылындағы Естелік алаңында қайта жерленді. Ескерткіш орнатылды. Ол Вязьма-Юхнов және Вязьма-Угра жолдарының қиылысында, 23-24 бауырластар қабірінде орналасқан.


©
Photo : Поисковый отряд «Обелиск»

Знаменка ауылындағы Естелік алаңы

Сарбаздың туыстарына атаулы папка беріледі

Мәскеулік «Обелиск» іздеу жасағы өздері көтерген барлық сарбаздың туыстарына жауынгердің атаулы папкасын беруді дәстүрге айналдырған. Онда белгілі бір әскеридің құжаттары жиналған. Туыстары жақын адамдарының қабіріне келіп, рухына тағзым ете алады.

«Менде осындай атаулы папка бар. Бұл – естелік. Ол мен үшін өте қымбат. Шағын болса да, фотоларымен сақталған, құжаттар сканерленген», — дейді Роза Фаттахова.  



sputniknews.kz