Мәскеу соты Жомарт Ертаевты Қазақстан беру туралы шешім шығарды
Ресейдің Мәскеу қалалық соты бизнесмен Жомарт Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұл туралы ресейлік ақпарат агенттіктері хабарлады.
Ертаевтың адвокаты Алексей Петров РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында сот шешіміне шағым түсіретіндерін айтқан.
2015 жылы Қазақстан бас прокуратурасы Ертаевтың «сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін ұрлаған» деген күдікке ілінгенін мәлімдеген. Қазақстан билігі экс-банкир «қазақстандық Bank RBK-нің директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған кезінде банктен жалған фирманың атына 80 миллион доллардан астам займ алып беруге көмектескен» деп күдіктенеді. Кейін Ертаев Ресейде ұсталып, қайта босатылған. Қазақстан бизнесменді экстрадициялауды сұрап, Ресейге бірнеше рет қайырылған.
Бұған дейін Жомарт Ертаев Қазақстанда банк заңын бұзған деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылған. 2009 жылы Қазақстан қаржы полициясы Альянс Банктің акционерлері мен менеджерлеріне бір миллиард доллардан көп ақшаны ұрлаған деген айып таққан. Сол кезде ұсталып, тұтқындалған Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырған. Кейін оған тағылған айып «бухгалтерлік және қаржы есебі туралы заңды бұзу» және «банк қаржысын заңсыз пайдалану» деген баптарға ауыстырылған.
Сот Ертаевқа айыппұл салып, бостандыққа шығарғаннан кейін ол Қазақстандағы екінші деңгейлі басқа банктерде жұмыс істеген. Ал 2014 жылдың соңында Жомарт Ертаев «Алма ТВ» компаниясы басшылығына тағайындалған болатын.
Дереккөз: Азаттық