Мәскеу соты Алексей Навальныйды 30 тәулікке қамады

0

Мәскеу соты қоғамдық шараны ұйымдастыру тәртібін қайта бұзды деген айыппен оппозициялық саясаткер әрі Коррупциямен күрес қорының жетекшісі Алексей Навальныйды 30 тәулікке қамады.

Билік Навальныйды Мәскеу қалалық думасы сайлауына тәуелсіз кандидаттарды тіркеу жайлы талаппен рұқсат етілмеген акцияға шығуға шақырды деп айыптады.

Оппозициялық кандидаттар 27 шілдеде сайлаушылармен кездесу форматында акция өткізуді жоспарлап, Мәскеу тұрғындарын қалалық мэрия алдына жиналуға шақырған.

Соттың түсіндіруінше, Навальныйды жауапқа тартуға оппозициялық саясаткердің тұрғындарды акцияға қатысуға шақырып, Facebook парақшасында жариялаған посттары негіз болған.

Сот кезінде айыптаушы тарап дәлел ретінде ұсынған видео полиция бөлімшесінде түсірілгені анықталды. Ол видеоны сол күні таңертең полиция бөлімшесіне жеткізілген Навальныйдың өзі түсірген. Онда саясаткер әйеліне гүл алуға шыққан кезде полицейлер ұстап әкеткенін, сондықтан жұбайын туған күнімен видео арқылы құттықтауға мәжбүр болғанын айтады. Навальныйдың сөзінше, айыптаушы тарап дәлел ретінде ұсынған «қисынсыз айғақты көрген судьяның өзі ұялған».

Навальный әлеуметтік желіде оппозициялық кандидаттардың ұсыныстары жайлы жазғанын, ал өзі ешкімді ешқайда шақырмағанын айтты. Судья оның уәжін ескермей, айыптау қаулысын шығарды.

Желі қолданушылары Навальныйдың қамалғаны жайлы жаңалық «Московский комсомолец» басылымында сот шешімінен екі сағат бұрын жарияланғанын айтады.

Мәскеу соты сәрсенбі, 24 шілдеде тағы бірнеше оппозиционерді қамады. Оларды да полиция таңертең үйінен шыққан кезде ұстаған.

Azattyq