Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалының жұмыс істеуі туралы келісім
Қысқа сілтеме алу
Сенат М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады
НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Сенат спикері Дариға Назарбаева білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға білім саласындағы мәселелерді бірлесіп шешуге уәде берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенаттың жалпы отырысында Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды.
ҰБТ жақындап келеді: білім министрі халықты сақ болуға шақырды
Заң жобасын талқылау барысында сенат төрайымы Дариға Назарбаева білім және ғылым министріне білім саласында түйіні тарқамаған мәселелерді бірлесіп шешуге көмектесетінін айтты.
«Білім және ғылым саласында шешілмеген бірталай мәселе бар. Бірлесе жұмыс істейміз, сізге көмектесеміз», — деді спикер.
Айта кетсек, Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында жұмыс істеп келеді. Филиал қызметін заңнамалық тұрғыда бекіту үшін 2017 жылы Челябинск қаласында Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасында келісімге қол қойылған.
Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, қазақстандық филиалда Қазақстан тарихы мен қазақ тілі міндетті түрде оқытылады.
Министр Шымкент мектептеріндегі өзгеріс туралы айтты
Бұдан басқа, оқу жоспарында Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескеріледі. 1 және 2 курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклі оқытылады.
«Қазақстан филиалдың қызметіне мүлікті өтеусіз беру және білім гранттарын бөлу арқылы қатысады. Филиал мүлікті ешкімге бере алмайды, оның қызметі аяқталған жағдайда мүлік Қазақстанға қайтарылады. Жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент және 40 магистрант», — деді министр.
Мұғалімдердің 48 жасында зейнетке шығу мүмкіндігі бар ма?
Айтуынша, бүгінде филиалда 605 студент білім алып жатыр. Филиал қызметі үш жылда бір рет тексеріледі. Сондай-ақ, Қазақстанның заңнамасында белгіленген өзге де тексерулер өткізілуі мүмкін.
«Оқуды сәтті бітірген студенттерге Мәскеу мемлекеттік университетінің дипломы беріледі. Сонымен қатар, Қазақстанда оқып жатқан балалар 3 және 4 курста Мәскеуде оқиды. Дипломдарын да Мәскеуде қорғайды», — деді Шәмшидинова.
14 жыл ішінде Қазақстандағы филиалда 1725 маман даярланған. Солардың 93 проценті Қазақстанда жұмысқа орналасқан немесе оқуын жалғастырып жатыр.
Сенат депутаттары аталған заңды бірауыздан қабылдады.
sputniknews.kz