Мәскеу билігі 24 тамызда акция өткізуге рұқсат бермеді
Мәскеу мэриясы 24 тамызда еркін сайлау талабымен Поклонная гора маңындағы Жеңіс алаңында және Большая Якиманка көшесінде митинг өткізуге, сонымен бірге Сахаров даңғылы мен Тверь көшесінде шеру жасауға келісім бермеді. Бұл туралы шараны ұйымдастырушылар айтты деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.
Мәскеу билігі акцияны қаланың шетіндегі Марьино ауданында өткізуді ұсынған. Ұйымдастырушылар оған келіспеген.
Бұған дейін, бейсенбіде жергілікті билік 17 тамызда қала орталығында Мәскеу қалалық думасы сайлауына тәуелсіз кандидаттарды қатыстыру талабымен және жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша күдіктілерді қолдап акция өткізуге рұқсат беруден бас тартқан. Ұйымдастырушылар жалғыз адамдық пикетке шығуды жоспарлаған еді.
Сәрсенбі күні Мәскеу мэриясы 25 тамызда Сахаров алаңында 100 мың адамдық митинг өткізуге келісім берген. Жаппай тәртіпсіздік ісіне қарсы және Мәскеу қаласының думасы сайлауына тәуелсіз кандидаттарды қатыстыру талабымен көп адамдық акция өткізуге өтінішті тіркелмеген Либертариан партиясы берген. Ұйымдастырушылар Пушкин алаңынан Сахаров даңғылына дейін шеру жасап жүріп өтуды жоспарлаған. Бірақ билік ондай шеру өткізуге рұқсат етпеді.
Мәскеу думасына тәуелсіз кандидаттарды қатыстыруды талап еткен оппозиция акциялары шілде айынан бері жалғасып келеді. 27 шілде күнгі наразылық шеруінен кейін тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздік туралы қылмыстық іс қозғаған. Ол іс бойынша 13 адам тұтқындалған, бір адам күдікті саналады. Құқық қорғаушылар Мәскеуде «жаппай тәртіпсіздік» болған жоқ дейді.